Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қостанай облысының 10 мың тұрғыны көгілдір отынмен қамтылмақ

AstanaTV
26.12.2018ж. 20:00
2444
Қостанай облысының 10 мың тұрғыны көгілдір отынмен қамтылмақ

Қостанай облысында газ тартылған елді мекендер саны артып келеді. Әулиекөл ауданына қарасты Аманқарағай ауылына да алғаш рет көгілдір отын берілді. Игілікті істі «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы мен қос мердігер дер кезінде аяқтады. Бірлесіп атқарған жұмыстың арқасында 10 мыңға жуық тұрғыны бар өлке өркениеттің игілігіне қол жеткізді. Жаңа жыл қарсаңында жақсылыққа кенелген ауылдағы ағайынның алғысы шексіз.  

Табиғи газдың қызығын алғаш көргендердің бірі-Тания Қабдырашқызы. Зейнеткердің үйі жылы, көңіл күйі көтеріңкі. «От жағып, отын сатып алу артта қалды. Көгілдір отын көп жылғы арманымыз ед»-дейді ауыл тұрғыны. 

Тания УӘЛИЕВА, АМАНҚАРАҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Жаңа жылдың алдында осы газ келіп жатыр. Өте қуаныштымыз. Жылы жерде жатып, жылы жерде тұрамыз. Біз үлкен кісілер бізге осы үшін баллон тасу өткен шаруа. Соған өте қуаныштымыз.

«Ауылға газ тартылады» дегенді естігенде ел-жұрт сенімсіздік танытқаны рас. Кейін көгілдір отын іргеге келгенде көпшілік оны қосуға асыққан. Фаина Тарасенко газды алғаш тартқызғандардың бірі.  

Фаина ТАРАСЕНКО, АМАНҚАРАҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Өте керемет. Үйіміз жылы. Біз ризамыз .Отын мен көмірдің құны қымбат, оны тасудың өзі бір машақат еді. Енді міне, ертегідегі өмір секілді.

Аманқарағай ауылында 2 мыңнан астам үй түтін түтетіп отыр. Алғашқы лекпен тұрғындардың 10 пайызы көгілдір отынды қостыруға тапсырыс берген. Қазірдің өзінде он шақты отбасы газдың рахатын көре бастаған.   

Тимур ТАГЛИНОВ, «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ ҚӨФ ЗАТОБОЛ ГАЗ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: 

Қазіргі таңда 251 өтінім қабылдадық. Солардың елу екісіне монтаж жұмыстары жүргізілді. Кейбір тұрғындар күн жылынғанда, яғни, көктемде қосыламыз деп отыр. Әзірге олар жобалық -сметалық құжаттарын дайындап жатыр.

Игі жобаны жүзеге асыру үшін ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы мен қос мердігер компания 100 шақырымға жуық магистральды және көшеаралық газ құбырын тартқан. Келесі жылы көгілдір отынға аудан орталығын қосу жоспарда бар. Осылайша, «ҚазТрансГаз Аймақ» абоненттері тағы 10 мыңға көбеймек.

З. Санай