$494.87 €520.65 ₽4.91
×

ЖОО түлектерінің 40%-ы жұмыссыз

AstanaTV
27.12.2018ж. 20:00
3462
ЖОО түлектерінің 40%-ы жұмыссыз

Елде жоғарғы оқу орнын былтыр бітірген түлектердің жартысына жуығы осы уақытқа дейін жұмыссыз жүр. Ал, әрбір үшінші жас маман өз мамандығы бойынша еңбек етпейді. Оған себеп-жоғарғы оқу орындары беретін білім сапасы. Білім және ғылым министрлігі білім ордаларының рейтингін жариялады.  

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ: 

Диплом бар, жұмыс жоқ. Мұны университет бітірген түлектерден жиі естиміз. Жүргізілген рейтинг те осыны көрсетіп отыр. Тізімде 68 оқу орны. Орталық Азия, Маңғыстау техникалық және Халықаралық гуманитарлық университеті түлектерін толық жұмысқа орналастырмаған. Тіпті, кейбірінің білім бағдарламасы талапқа сай болмай шықты.

Олжас ОРДАБАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Білім бағдарламаларын қайта қарау керек. Оларды нарықтың талабына сай жаңартуды ұсынамын. Аталған университеттердің түлектеріне сұраныс аз. Бұл оқу орнының жастары жұмыс таппай қиналады.

Жүргізілген сауалнама әлеуметтік ғылым, технология, ауыл шаруашылығы, құқық мамандығын алып, жұмыс таппай сенделіп жүргендер қарасы көп.  

Талғат ЕШЕНҚҰЛОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ: 

Жұмыс беруші мен университеттің жас маманға қоятын талабы екі түрлі. Сол үшін университет түлегі қиналады. Жұмыс беруші өзіне келген жас маманды қайта оқытып, сол саланың қыр-сырын қайтадан үйретуге мәжбүр. Бұл үшін ол қаражат пен уақыт жұмсайды. Сондықтан, көбісі жас мамандарды жұмысқа алғысы келмейді.

Астана қаласы жұмыспен қамту орталығына 5000-нан аса жұмыссыз жас тіркелген. Ал жыл сайын 12 мыңдай түлек жоғары және орта арнаулы оқу орнын аяқтайды. Бірақ орталыққа келіп, жұмыс сұрамайтын көрінеді.   

Азамат БАЙТАСОВ, ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Барлық жас түлектердің оқу орындарына орталық мамандары барып, хабарлама жасайды. Осында келіп тұрақты жұмыс іздеуге болатынын айтамыз. Бірақ, жастардың көбісінің келгісі келмейді. Жұмысты өзім табамын деп, жалақысы жоғары, «престижный» дейміз ғой сондай салаға барғысы келеді. Бірден бізге келмейді олар.

Бірақ, жұмыс берушіден сұраныс болмай, түлекке жұмыс табылмайды. Мамандар сол үшін оқу бағдарламасын сұранысқа лайықтап, жаңартады. Рейтинг бекерден-бекер жасалмаған. Ол реформа жасауда ескеріледі. Бірақ, ол кезде жұмыссыз қалған түлегі көп оқу орындары жабылады.  

А. Бектас