$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Баласын таспен ұрды деген әке ісі қайта тергеуге жіберілді

AstanaTV
28.12.2018ж. 20:00
3230
Баласын таспен ұрды деген әке ісі қайта тергеуге жіберілді

Алматыдағы Шығыс айналма жолында баласын таспен ұрып, кілемшеге орап тастап кетті деп күдікке ілінген Мұрат Асқароғлы қылмыстық істі мойындамады. Сондықтан, алғашқы сот отырысында судья істі қайта тергеуге жіберді. Оқиға 5 ай бұрын болған. Сол кезде жол тасасында 4 жасар Мұхаммедтің жаралы күйінше кілемшеде жатқаны әлеуметтік желіде желдей тарады. Артынша полиция қызметкерлері күдіктіні іздеп, ақыр соңында өз әкесі таспен ұрғанын мәлімдеп, қамауға алған еді. Бүгін судья істе шикіліктер барын айтып, оны прокурорлардың қайта тергеуі жөнінде қаулы шығарды.  

Мұрат АСҚАРОҒЛЫ, АЙЫПТАЛУШЫ: 

Мені үйден құжаттарға қол қоясың деп алдап алып кетті. Артынша қысым көрсетті. Бірақ, мен өз кінәмды мойындамаймын. Шын мәнінде ұрып-соққан болсам ұлым мені жек көріп кетер еді ғой. Қазір сағынғандығын әке-шешем, жарым айтып тұрады. Мен де қатты сағындым. Мен ұлыма қол көтерген жоқпын. Кез-келген әке өз баласын аяусыз соққыға жықпайды ғой. Ол кезде жұмыста болдым. Ащы судан да ұрттаған жоқпын.

Нұрлан ҮСТЕМІРОВ, ҚОРҒАУШЫ: 

Физикалық, психологиялық қысымнан сол кезде амал жоқ келіскендігін айтып отыр. Оның үстіне ұлы ауруханаға жеткізілгенде «қара көлік» деген жауап айтқан. Бұл психолог, дәрігер, тағы басқа куәгерлер болған кезде айтылған сөз. Сондықтан, біз ақырына дейін күресеміз.

Мұрат Асқароғлы қылмыстық кодекстің 99 бабы 2-ші тармағы, 24 баптың 3-ші тармағы бойынша айыпты деп танылған. Бұл «дәрменсіз жанды өлтіруге оқталу» ісі.  

О. Нұржақып