Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қазақстан эстрадасының жұлдыздары «Жап-жаңа жылмен» құттықтайды

AstanaTV
28.12.2018ж. 20:00
3599
Қазақстан эстрадасының жұлдыздары «Жап-жаңа жылмен» құттықтайды

Жаңа жыл түні «Астана» телеарнасының көремендері дәстүрлі мерекелік бағдарламаны тамашалай алады. Бұл күні кино, спорт және өнер саласындағы жылдың ең таңдаулы тұлғаларымен қауышуға мүмкіндік бар. Ән мен әзіл, күй мен би жарасымын тапқан кеш көрерменіне ерекше көңіл күй сыйлайды. Себебі, биыл арнамыздың жаңа жылдық шоу концертінде 40-тан астам өнер жұлдызы қатысып, әсерлі ән мен көңілді қойылымдарын ұсынғалы отыр.  

Биылғы бағдарлама әйгілі «Қазақфильм» киностудиясының түсірілім алаңында жүріп жатыр. Кешкі көйлекке малынған сұлу бикештер, жалт-жұлт еткен жаңа жылдық безендеру мен ырғақпен теңселіп билеген көңілді көрермен бір-бірімен үйлесіп тұр.  

Түсіру тобы биылғы бағдарламаның әсерлі өтуіне барын салып жатыр. «Астана» арнасындағы «Жап-жаңа жыл» жобасы көрерменді тың қойылымдар, салмақты әзіл, ең бастысы-елдің аузында жүрген хит әндермен сусындатады.  

Ғалия БАЙБОСЫНОВА, «ЖАП-ЖАҢА ЖЫЛ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚОЮШЫ РЕЖИССЕРІ:  

Жаңа жыл түнінде «Астана» арнасын қосқан кез-келген көрермен көңілінен шығу үшін барымызды салып жатырмыз. Әртістер де жоғары дайындықпен келіпті. Халыққа танымал Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, «МұзАрт» тобымен қатар жастар жағы да биылғы жылдың ең таңдаулы әндерін орындайды.

Жүргізушілер өзара әзілдесіп, өнер көрсетуге келген жұлдыздарды тапқырлықты талап ететін сауалдар арқылы сынға алады.   

Динара СӘТЖАН, «ЖАП-ЖАҢА ЖЫЛ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖҮРГІЗУШІСІ: 

Сценарийдің өзі бір-бірімізді қалжыңмен шымшып, өзгелерді де күлдіру үшін жанымыздан суырып салып әзіл айтуға құрылған. Жаңа жылдық түсірілімдерге қатысуға сөзсіз келісемін. Соның ішінде брендке айналған «Жап-жаңа жыл» бағадарламасын дәстүрлі түрде үзбей жүргізіп келемін.

Телевизиялық бағдараламаның түсірілімі күн-түн демей бірнеше күнге жалғасты. Себебі, 40-тан астам өнер жұлдызы жаңа жылдық түнді әнмен әрлеп, күймен көмкеретін болады. Төреғали Төрәлі, Бүркіт пен Айша, Луина, Ернар Айдар, «Кешью» тобы мен Әлішер Кәрімовтер қатысатын музыкалық бағдарлама төрт сағат ішінде әр отбасына ұмытылмас әсерді сыйға тартады.  

Айгүл ИМАНБАЕВА, ӘНШІ, ЖҮРГІЗУШІ: 

Достар, дәл 31 желтоқсанда, 31 желтоқсан түні «Астана» арнасында «Жап-жаңа жыл» жобасы сіздерді күтетін болады. Асыға күтеміз. Барлық қызықтар, барлық хит әндер де әдемі әңгіме де осы «Жап-жаңа жылда». Жіберіп алмаңыздар!

Р. Асқарбекұлы