Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Таразда тұрғындар жаңадан соғылып жатқан нысанның құрылысына қарсы шықты

AstanaTV
01.03.2016ж. 20:00
2947
Таразда тұрғындар жаңадан соғылып жатқан нысанның құрылысына қарсы шықты

Тараздағы көпқабатты үйдің 30-дан аса тұрғыны баспана іргесіндегі құрылысты тоқтатуды талап етті. Айтуларынша, кәсіпкер үйге тым жақын жерден қазу жұмыстарын бастаған. Бұл 80 пәтерлі үйге сейсмикалық қауіп төндіреді деп қорқады. Ал жергілікті кәсіпкер мұнымен келіспейді. Көп қабатты үйдің қасынан мына құрылыс жұмыстары екі апта бұрын басталыпты. Жергілікті кәсіпкер дүкен, дәріхана, дәмхана салуды көздеген. Ал тұрғындар үйдің іргетасы бүлінеді деп отыр.

Интершум: Міне, 90 сантиметр. Қайдағы 3 метрі, тоқсан-ақ сантиметр. Шетінен дейін алғанның өзінде осы.

Құрылыстың қарқынды болғаны соншалық, үйдің іргетасына 90 сантиметрге дейін жетіп қалған. Тұрғындар тым жақын жүргізіліп жатқан құрылыстың осы қауіптілігінен қорқады. Өйткені, Жамбыл облысы жер сілкінісі жиі болатын аймақ. Жаңбыр жауған жағдайда да үйдің іргесі одан сайын опырылып кете ме деп опынады.

Тұрғындар:

- Іргесі қазылған үйдің құлау қауіпі бар. Кім бізге уәде бере алады құламайды деп.

- Жүретін аяқ жолымыздың барлығы жабылған. Бізде тек қана 70 сантиметрдей жер қалған. Былай болғанда, арақашықтығы кем дегенде 4 метр болу керек екен. 3 балл болған жағдайда мына үй бөлініп кетуі мүмкін.

Ал, жеке кәсіпкер ғимарат құрылысы заңды түрде салынып жатқанын айтты.

Әнуарбек Жұмағұлов, кәсіпкер:

Жоқ, жақындаған жоқпын. 3 метрмен соғып жатырмын. Қағазда қалай көрсетілді, солай соғып жатырмын. +Менің басым екеу емес қой. Маған қай жерден рұқсат керек, барлығы бар. Жерді қазуға да рұқсатым бар. Соғуға да.

Тұрғындар жиналған, құрылыс маңына жергілікті атқамінерлер де жедел жетті. Олар тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ деп отыр.

Бақытжан Сүгірбеков, Тараз қаласы әкімдігі Жер қатынастары бөлімінің басшысы: 

Жер аукцион арқылы 2014 жылы сатылған. +Бұл сатылған мына участок кондоминиумнің шекарасына кірмейді. Кірмейтін болғандықтан, келісім ешқандай алынбаған. Заңды жүзінде құжаты бар, Әділетте тіркелген. Жобасын барлығын алған. Құжаттарының барлығы толық.

Ілияс Бекежанов, Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Мынау іргесіне жақын қазып қойған туралы әңгіме болып жатыр ғой. Оның қалай, қазіргі қауіпті жағдайы қалай екенін, бәрін анықтау үшін мемлекеттік ГАСК-ға хат жолданған болатын. Сол бойынша, анық-қанығын білеміз.

Ал көпқабатты үйге сызат түскен, түспегені анықталмайынша, құрылыс уақытша тоқтатылады. Қала әкімінің орынбасары осылай деді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ