Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Алматыда тікұшақтың құлауы бойынша үш нұсқа тексеріліп жатыр

AstanaTV
18.01.2019ж. 20:00
2372
Алматыда тікұшақтың құлауы бойынша үш нұсқа тексеріліп жатыр

Алматыда тікұшақтың апатқа ұшырауына қатысты арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы құзырлы орган басшылығы мәлімдеді. Ал, бүгін Азаматтық авиация комитеті «SKY SERVICE» әуе компаниясына тиесілі дәл осы тікұшақтарды қолданыстан шығару туралы шешім қабылдады. Олжас Нұржақып тарқатады.  

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Оқиға орнына БАҚ өкілдерін бүгін тағы кіргізген жоқ. Тек тексеру тобының жетекшісі Нұрлан Жұмасұлтанов соңғы мәліметтерімен бөлісуге журналистерге шықты. Оның айтуынша, ұшқыш Валентин Шитов, 16-05-те соңғы рет орталықпен байланысқа шыққан. Араға 3-4 минут салып тікұшақ жерге құлағанын айтты.

Бүгін арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстарын бастап та кетті. Апатқа қатысты үш нұсқа бар. Яғни, техникалық ақау, адами фактор және ауа райының қолайсыздығы. «Әуе кемесінің күл талқаны шыққанымен, қара жәшік дін аман. Соны ашу барысында нақты мәліметке қол жеткіземіз» - дейді. 

Нұрлан ЖҰМАСҰЛТАНОВ, ҚР ИЖТ МИНИСТРЛІГІ АВИАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ОҚЫС ОҚИҒАЛАРДЫ ТЕКСЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Тікұшақ шипажайдың оңтүстік батыс бөлігіне құлаған. Ұшқыш жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Кеше білесіздер қалың тұман болды. Бірақ, апатқа ауа райы кінәлі деп айта алмаймыз. Қазір үш нұсқа да тексеріліп жатыр. Қара жәшік сау. Сондай-ақ, әуе кемесінің бір бөлшегін құрастырушы компанияға да жібереміз. Нақты мәліметті қандай да бір нәтиже болған сәтте міндетті түрде жариялаймыз.

Валентин Шитов 25 жылын осы салаға арнаған тәжірибелі ұшқыш. 3 мың сағаттан аса ұшқан. Оның екі мыңға жуығы дәл осындай тікұшаққа тиесілі. Туған ағасы Валентиннің қазасын естіп бірден Ресей елінен жолға шығыпты. Ол жерлеу рәсімі ертең болатынын жеткізді.  

Василий ШИТОВ, ВАЛЕНТИН ШИТОВТЫҢ АҒАСЫ: 

Ол бала кезінен сыпайы, кең пейіл, көркем мінезді еді. Әрі өзінің алдына қойған мақсатына жетуге бар күшін салатын. Соған жетпей қоймайтын. Сол үшін де айналасындағы әріптестері, достары қатты сыйлайтын. Басты орынға жанұясын қоюшы еді. Үй мен жұмысын қатты бағалайтын.

Ал, әуе кемесі тиесілі «Sky service» компаниясы болған оқиғаға тек жазбаша түрде түсініктеме берді.  

Тікұшақ Боралдай әуежайынан Үлкен Алматы көліне арнайы тапсырыс бойынша бағыт алған. Ұшқыш Валентин Шитов барлық ұшу талаптарына сай көкке көтерілді. Ұшуға толықтай рұқсат берілген. Ал, әуе кемесі соңғы рет «Аэроэксперт» орталығында осы жылдың 9 қаңтарында толық техникалық тексерістен өткен. Қауіпті және ауыр жүк пен жолаушылар ұшақ бортында болған жоқ. Компания атынан ұшқыштың туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Апат салдарын анықтауға бар септігімізді тигіземіз.  

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Сондай-ақ, бүгін азаматтық авиация комитеті «SKY SERVICE» әуе компаниясының дәл осы тікұшақтарын қолданыстан шығарғаны туралы шешім қабылдағанын жариялады. Жеке компания иелігінде апатқа ұшыраған әуе кемесінен бөлек тағы 4 еврокоптер республика бойынша қызмет көрсетіп келген. Енді, ол ұшақтардың қашан әуеге қайта оралатыны әзірге белгісіз.

О. Нұржақып