Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданы қар құрсауында қалды

AstanaTV
22.01.2019ж. 20:00
4736
Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданы қар құрсауында қалды

Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданы қар құрсауда қалды. Тұрғындар жол жабылғалы қатынас қиындағанын айтып отыр. Тіпті, 500 шақырым жердегі облыс орталығына жүрдек көліктің өзі кемінде үш-төрт күн жүретін көрінеді. Бұл әсіресе науқастарға қиын тиіп отыр. Аудан тұрғыны Айжан Дәуесованың айтуынша, ауданға қарасты оннан астам ауыл мен 10 шақты қыстақтың жолы әлі тазартылмаған. Ал, қарға батып, жолда қалған көліктердің есебі жоқ деді. Амалы таусылған жолаушылар жолдағы ауылдарды паналап, жан сақтап отыр. Кейбірі күрекпен жол аршуға мәжбүр. Ауылдықтардың сөзінше, бұл жағдай жыл сайын қайталанады.  

Айжан ДӘУЕСОВА, БҚО ЖӘНІБЕК АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қардың құрсауында бір апта жаттық апталап. ЧС-қа да звондадық, қалаға да шықтық, ешқандай көмегі болған жоқ. Енді қазір көктайғақ, көлік жоқ деп жатыр. Техника жоқ дейді, бар-жоғы үш техника. Үш техника қай ауылға жетеді? Ана жақтағы үлкен ауылдар бар. Ауылдың жігіті, азаматы қайтыс болды. Сол кезде қиын болды, сүйегін алып келе алмай қор болдық қардан. Жәнібек ауданында моргтен жеткізе алған жоқ сүйегін, жеткізу қиын болды. Қар деген белден келеді.

Әсіресе ауданның Жақсыбай және Талов елді мекендерінің жағдайы қиын. Ауыл тұрғындары боран күшейген кезде жол мүлдем жабылып, азық-түлігі таусылғанын, бірнеше күн тамақтан тарыққанын ашына айтып отыр. Ал, аудан атқамінерлері жағдай бақылауда деп сендірді. 

Жақсылық АБДОЛОВ, БҚО ЖӘНІБЕК АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

18 елді мекеннің 17-сіне жол қатынасы болды, түнде боран болып, жолдар қайтадан жабылды. Әр боран сайын жолда қалған көліктер кездесіп жатады. Әзірге қайғылы жағдай, үсіп-тоңып қалу фактілері болған жоқ. Барлық адамдарға көмек көрсетілді.

Е. Карин