Оралдағы жекеменшік балабақшалар қауымдастығы қалалық білім бөлімін сотқа бермек. Олардың айтуынша, әкімдік 76 миллион 700 мың теңге қарызды қайтармай отыр. Бұған дейін бала басына мемлекеттен 19 мың теңге бөлініп келсе, былтырғы қыркүйекте бұл сома 27 мың теңге болып белгіленген. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі өзгеріс енгізген. Енді жекеменшік балабақшалар осы үстемеақы төленбеді деп отыр.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Бүгінде Орал қаласында 50 мемлекеттік, 40 жекеменшік балабақша бар. Қалалық білім бөлімінің дерегінше, бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы 100 пайыз. Ал, жекеменшік балабақшаларға қазір 5 мыңдай бала барады.
Қаладағы мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдар қауымдастығының жетекшісі Хайдар Қапанов та ақшасын әлі ала алмай жүр. Оның жекеменшік балабақшасы көрсеткен қызметке қалалық білім бөлімі 2 миллион 600 мың теңге берешек. Кәсіпкер Президент Жолдауына орай қызметкерлерінің жалақысын көтергісі келетінін айтады. 45 қызметкерінің айлығын 30 пайызға көтермек ойда. Әзірге ол мүмкін болмай тұр.
Хайдар ҚАПАНОВ, МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖЕКЕМЕНШІК ҰЙЫМДАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Былтыр осы мәселе көтерілген кезде қала әкімі қарыздан наурыз айында құтыламын деп уәде берді. Сосын бұл уәде сөз күйінде қалмасын деп хаттама шешімін сұраттық. Қағаз жүзінде бәрі көрсетілген. Облыс әкімдігі де мәселені шешуді тапсырды. Бірақ, арада ай өтпей жатып, әкім өз сөзінен айнып шыға келді. Халықпен есептік кездесуі қарсаңында мұндай дау қала әкіміне жақсы ат бермейді.
Алайда, өзге жекеменшік бақша басшылары сұхбат беруге құлық танытпады. Ал, қалалық білім бөлімі жекеменшік балабақшаларға берешек емеспіз дейді. Олардың сөзінше, жыл соңына дейін көрсетілетін қызмет үшін келісім-шарт жасалып, онда көрсетілген сомма түгел берілген. Ал, дау болған үстемеақы биылдан бастап төленуі мүмкін.
Асан НАРЫМБАЕВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Акт выполненных работқа қол қойылды. Біздер барлығын жылдың аяғына дейін төлеп, бізде кредитор, бережақ деген бізде бүгінгі таңда жоқ. Енді 2019 жылға 27 мың теңгенің көлемінде бір баланың басына бекітіліп отыр. Бұған біздер жоғары тұрған өзіміздің мемлекеттік мекемемізге тапсырыс бердік. Осы алдағы уақытта осы қаржы мәселесі шешіледі деп ойлаймыз.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Әкімдік өкілдері республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге сұратқан. Бірақ, ол қаражат биылдан бастап қана төленбек. Ал, жекеменшік балабақша өкілдері елдің басқа өңірлерінде бұл мәселе шешімін тапқан дейді. Сондықтан үстемеақы қыркүйектен бастап төленбесе, сотқа жүгінуге әзір.
Е. Карин