Елде металл қабылдайтын 7 мыңдай пунктінің 90 пайызы заңсыз жұмыс істейді. Оларды заңдастыру керек. Металлдарды жинау, сақтау мен сатуды реттеуді заңдастыру жөнінде Салық кодексіне өзгеріс енгізілген. Алайда, сенаторлар құзырлы органдар заң актілерін әзірлемей отыр дейді. Данияр Қайыртай толықтырады.
Былтыр Астанадағы 100-ден астам кәріз құдығының қақпағы ұрланыпты. Ал, биыл 3 аптаның ішінде 161 люк қолды болған. Қақпақтар ғана емес, ұрланған темір-терсектің көбі металл қабылдау пунтілерінен табылады. Полицейлер жүргізген рейд кезінде 100 келі түсті металл табылғанына куә болдық.
Руслан ІЛИЯСОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМШЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ:
Ұрланған заттар осындай заңсыз ашылған мекен-жайларда, яғни, қабылдау орталықтарына тапсырылады.
- Бұл металл қабылдау пунктінің құжаттары жоқ па?
- Бұл пунктіде ешқандай құжат жоқ және қазіргі уақытта бұндай жерлерге ешқандай құжаттар берілмейді.
Бұл металл қабылдау пунктіне күнделікті 5-6 адам келеді екен. Алыпсатарлар қара металл сынықтарының келісін 50 теңгеден, ал түсті металды 200 теңгеден сатып алады. Кейін металл өңдейтін кәсіпорындарға 5-10 теңге қосып өткізетіндерін айтты. Ал, олардың қайдан, кімнен алынғанын сұрамайтын да көрінеді.
Жандос ӘБДУАЙЫТОВ, АЛЫПСАТАР:
Бұл жердегінің бәрі отход. Бұл жерге строительный майда-шүйде әкеледі. Кішігірім, күнделікті майда-шүйдеден жиналған нәрсе. Егесі жоқ. Кім егесі бар десе, әкеп берсін ұрланған екенін, оны шыны керек қайтарып береміз.
Жыл сайын елде 3-3,5 млн тонна металл арнайы пунктілерге өткізіледі деген дерек бар. Ал, оны жинайтындар да, қабылдайтындар да заңсыз жұмыс істейді.
ДАНИЯР ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:
Елде қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарының жалпы қоры 250 млн тоннаға дейін жетеді екен. Оған жыл сайын тағы 5 млн тоннадан қосылып отырады. Бұл деректерді Қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің республикалық одағы таратты. Олардың мәліметінше, Қазақстанда темір-терсектерді қабылдайтын осындай 7 мың пункті бар. Оның 90 пайызы заңсыз жұмыс істейді.
Ал, металлды заңды түрде қабылдап, өңдейтін 150 шақты кәсіпорын бар. Олар темір-терсек жинап, күнелтіп жүрген 100 мыңға жуық жеке тұлғаның атынан салық төлеуге дайын көрінеді. Бірақ, депутаттар Үкімет бұл салада тәртіпті енгізуге асықпай отыр дейді.
Еділ МАМЫТБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Біз Салық кодексін қабылдадық қой, соның ішінде осы норма енгізілген. Бірақ, өкінішке орай, үкіметтің біраз актілері шығуы керек еді, бірақ әлі шықпай жатыр. Егер, ол сол кезде 2018 жылы қабылданған болса, тек қана пенсионный фондқа 1,5 млрд теңге пайда болатын еді. Соны жоғалтып отырмыз.
Сенатор металл жинау, өткізумен кез келген адам айналыспауы керек деп санайды. Сондықтан оларға біліктілік талаптар қойылуы мүмкін.
Д. Қайыртай