Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Аяғына катетер қойған 11 айлық сәби қайтыс болды

AstanaTV
31.01.2019ж. 20:00
2293
Аяғына катетер қойған 11 айлық сәби қайтыс болды

Астанаға емделуге келіп, аурудың үстіне ауру жамап алған 11 айлық сәби ақыры көз жұмды. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті хабарлайды. Нәрестенің не себепті қайтыс болғаны әзірге белгісіз. Қазір тәуелсіз сарапшылар тиісті тексеру жүргізіп жатыр. Олардың құрамында анестезиолог, неонатолог, гематолог, хирург пен педиатрлар бар. Науқасты емдеген барлық медицина қызметкерінің іс-әрекеті қайта қаралады. Сараптама қорытындысы ақпан айының соңында шығарылмақ.  

Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:  

Сараптама бойынша науқасқа қараған барлық медицина мекемесі тексеріледі. Ұлттық Ана мен баланы қорғау орталығы да. Объективті баға береміз. Мәселе біздің қатаң бақылауымызда. Тексеріс нәтижесінде кімнің кінәлі екенін анықтап, тиісті шара қолданамыз. Әзірге алдын-ала болжам жасау қиын.

Еске салайық, желтоқсан айының соңында Жамбыл облысының тұрғыны Таңшолпан Бейсенбекова 11 айлық қызын жүрегіне ота жасатуға Астанаға алып келеді. Бірақ, Ұлттық кардиохирургиялық орталықта сәбиге суық тиіп, өкпесі қабынады. Бұдан кейін дәрігерлер науқасты №1 қалалық балалар ауруханасына жатқызып, аяғына катетер қояды. Кейін бүлдіршіннің бақайлары ісіп, жағдайы күрт нашарлаған. Тіпті, аяғына ампутация жасау қаупі төнген. Содан соң сәбиді Ұлттық ана мен бала орталығына жатқызады. Бірақ, екі күннен кейін 16 қаңтарда қайтыс болған. Мұны Денсаулық сақтау департаменті бүгін ғана хабарлады.  

А. Бектас