$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Әулиеата өңірінде әлеуметтік нан 5 теңгеге қымбаттады

AstanaTV
04.02.2019ж. 20:00
3510
Әулиеата өңірінде әлеуметтік нан 5 теңгеге қымбаттады

Бүгіннен бастап Таразда нан бағасы 5 теңгеге көтеріліп, бір бөлке 70 теңгеден сатыла бастады. Ал, облыстағы Мойынқұм ауданында 80 теңгеге саудаланып жатыр. Жауаптылар мұны елді-мекеннің өте шалғайда жатқандығымен әрі наубайхананың аздығымен байланыстырып отыр. Былтыр күзден бастап бидай мен ұнның бағасы өскелі, наубайханашылар «ас атасын» қымбаттамыз деп аймақ әкіміне бірнеше рет хат жазған. Осыдан кейін облыстық тұрақтандыру қорынан 500 тоннадан аса ұн 70 теңгеден нан шығарушы нысандарға арзандатылған бағамен беріліп отырды. Қаңтар айында қордағы ұн да таусылған. Шенеуніктер біздің арна арқылы бөлкенің бағасын ұстап тұру қиынға соғады деп дабыл қаққан еді.   

Берік НЫҒМАШЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Бүгіннен бастап нан бағасы 5 теңгеге көтерілетін болады. Қазіргі күні нарықтық бағада, солтүстік өңірлерде бидай 75-80 теңгеден болып отыр. Өңіріміз бидайдың 70 пайыздан жоғары көлемін сол солтүстік өңірден әкеледі. Бірақ, ол кезде ұнның бағасы 70-80 теңге болатын болса, қазіргі күні ұнның бағасы 90 келіп қалды.

Былтыр қарашада қаржылай қиындыққа шыдамаған наубайханашылар нанды негізсіз 10 теңгеге көтерген болатын. Алайда, айқау-шу шығып, баға бір-екі күнде бұрынғы қалпына келді. Еске салайық, Таразда ірілі-ұсақты 8 наубайхана бар. Олар тәулігіне 90 мың бөлке нан пісіреді. Осы межені орындау үшін күніне 50-55 тонна ұн пайдаланады.  

Д. Әлімқұл