$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жастар үшін пәтерді жалға алу айына 12 мың теңгеден аспайды - Д.Кәлетаев

AstanaTV
07.02.2019ж. 20:00
4665
Жастар үшін пәтерді жалға алу айына 12 мың теңгеден аспайды - Д.Кәлетаев

Көп балалы отбасылардың жәрдемақысын бірнеше есеге өсіріп, орташа жалақыға теңестіру қажет. Ал, жас отбасылардың ипотекалық қарызын әр бала туған сайын 25 пайызға қысқартқан жөн. Сөйтіп отбасы көп балалы атанғанда, мемлекет қарызды толығымен өтеуі қажет. Жастар конгресінің атқарушы директоры сенаторлар алдында осындай ұсыныс жасады. Жастар саясаты қаралған жиында тағы қандай мәселе көтерілді? Тілшіміз Ақерке Бектас тарқатады.  

Жастар жылы жалаң науқаншылдыққа ұрынбай, нақты проблемаларды шешуге бағытталуы керек. Өйткені, жастардың 40%-ы тұрақты жұмыс таба алмай қиналады. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар жиналған жиында осылай деді. Бүгінгі буынның бизнеспен айналысуға да қызығушылық танытпайтынын атап өтті.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Өкінішке қарай, жастардың 51 %-ның бизнеспен айналысу туралы ой-жоспарында да жоқ екен. Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Мүмкін, біз бизнеспен айналысу үшін өзіміз тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз? Осыны ескеру керек.

Ал, жұмыс істейтін жастарға мемлекет қолжетімді-сапалы баспана беруді бастайды. Оны жалға алу құны айына 12 мың теңгеден аспайды. Бұл әзірге Астана, Алматы, Шымкент қалаларының жасы 29-дан аспаған, тұрақты жұмысы бар тұрғындарына арналмақ.  

Дархан КӘЛЕТАЕВ, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ: 

Құрылыс салу үшін типтік үйлерде баспана 40-50 шаршы метрді құрайды. Қазіргі кезде осындай шаршы аумақты қамтитын үйлер болмағандықтан, бірінші жылы пәтерлер нарықтан сатып алынады. Біз кем дегенде 3 жылға дейін жалға беруді ұсынамыз. Кейін оны одан әрі ұзартуға болады.

Тимур Сүлейменов те бұл бастаманы қолдайды. Ұлттық экономика министрінің өзі 10 жылға алған ипотекасын былтыр ғана құтылған. Қарызын жапқанша қиналғанын да айтты.  

Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: 

Өйткені, жалақыңның жартысынан көбін ай сайын несие төлеуге құясың. Оңай емес. Сол үшін үлкен қалаларда жұмыспен ауысып жүрген жастар үшін жалға алып тұрған тиімді деп есептеймін.

Ал, Жастар конгресінің атқарушы директоры жас отбасыларға жеңілдік жасауды ұсынды. Тоқтар Болысов: «Әр бала туған сайын жас жанұяның ипотекалық қарызын 25 пайызға қысқартқан жөн»,- дейді. Мұндай жағдайда 4 бала тапқан ананың қарызын мемлекет толық өтеп бермек.  

Тоқтар БОЛЫСОВ, ЖАСТАР КОНГРЕСІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: 

Мемлекет осындай жеңілдік ұсынған жағдайда, тым қымбат пәтерлерді сатып алуға жол бермес үшін бір адамға 18 шаршы метр пайдалы тұрғын үй аумағын бөлуді қарастыру қажет.

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:  

Көп балалы отбасылар жәрдемақысын орташа жалақымен теңестіру қажет. Тек көп балалы отбасыға жайлы жағдай жасаған соң ғана ата-аналардың жауапкершілігіне қатысты заңды қатаңдатуға болады. Содан кейін ғана балалар құқығын қорғауды қатаң бақылауға алуға болады деген де ұсыныстар айтылды. Жастар мұндай мәселелерді талқылау үшін сенаторларды дөңгелек үстелге шақырды.

А. Бектас