Енді жол құрылысына қажетті материалдар құны қайта қаралып, сметалық бағаға түзету енгізілуі мүмкін. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов мәлімдеді. Ол Шығыс Қазақстанда мемлекеттік сатып алуға қатысудан бас тартқан мердігерлер мәселесін Үкіметке жеткізбек.
Қайырбек СҮЛЕЙМЕНОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:
Бұл мәселені Үкіметке жеткізіп, ұсыныстарды Премьер-министрге айтамыз. Проблеманы тезірек шешу үшін барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Өйткені, материал құнын негізсіз түсіру - қызмет сапасына нұқсан келтіреді. Бұл мердігерді де, әкімдікті де 2 есе шығынға батырады.
Еске салайық, Шығыс Қазақстанда құрылысшылар тендердегі құрылыс материалдары мен еңбекақыға бөлінген қаржы нарықтан 40%-ға төмен деп, жұмыс істеуден бас тартатындарын айтқан еді. Кейін аймақ атқамінерлері шағымды Ғылыми зерттеу және жобалау институтына жіберіпті. Бірақ, сарапшылар ұсынысты кері қайтарып, компания бағаны әдейі көтерді деп айыптаған. Мердігерлер бұл шешіммен келіспей отыр.
Александр ФЕДОСОВ, ЖОЛ ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Менің ойымша, бүгін ешқандай шешім шыққан жоқ. Ұсынысты Үкіметке жеткізсе игі! Ғылыми зерттеу институты жасаған бағамен келісу қиын. Біз әзірге солардың айтқан бағасымен жұмыс істеуге мәжбүрміз! Мысал келтірдім ғой, 200-300 млн теңге дегеніңіз жөндеу жұмысына да жетпейді. Мемлекеттік сатып алу құнын нарықтағы бағаға сай жасау керек.
А. Бектас