$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда көпқабатты тұрғын үйде болған жарылыс газдан болмауы мүмкін

AstanaTV
11.02.2019ж. 20:00
2941
Қызылжарда көпқабатты тұрғын үйде болған жарылыс газдан болмауы мүмкін

Қызылжарда көпқабатты тұрғын үйдегі жарылыс газдан болмауы мүмкін. Бұл туралы біздің арна тілшілеріне салаға жауапты мамандар мәлімдеді. Қатты жарылыстан 4 пәтердің ішкі қабырғалары құлаған. Төтенше жағдайдан соң 46 адам сыртқы шығарылды. Үш адам зардап шекті. Оның біреуі - 5 жастағы бүлдіршін. Қабырғасы қақыраған баспанаға тұрғындар кері оралуға жүрексініп отыр. Абзал Құрманкиннің репортажы.  

Оқыс жағдай өткен жұмада кешкісін болған. 108-пәтерден шыққан белгісіз дыбыс тұрғындардың үрейін ұшырған. Жарылыстың күштілігі сонша өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған баспананың бірнеше қабырғасы күл-талқан болды. Екінші топтағы мүгедек Александр Морев ол кезде ұйықтап жатқан.  

Александр МОРЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Жарылыстан шошып ояндым.Көзімді ашсам, қабырға маған қарай еңкейіп тұр. Ар жағынан көршімнің кереуеті өртеніп жатқаны көрінді. Тез арада отты өшіруге кірістік. Ал, келіншегім бес жасар баламды іздеуге кірісті. Ол ұшып кетіп, теледидарға басымен соғылыпты. Дәрігерлер жарасын емдеп берді. Қатты шошып қалған.

Жарылыстан соң тұрғындар дереу қауіпсіз жерге шығарылды. Жергілікті билік екі отбасыға уақытша пәтер жалдап беруді ұсыныпты. Ал, қалған жұрт жақын- жуықтарын паналап жүр.  

Ұлпа САҒИТОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Осы жерде екі сағат жүрдік, ол күні қатты аяз болатын. Сол кеттік сосын. Кәрі кісілерге көмектесіп жатыр деп естідік. Председателіміз әлі 3-4 күн жүресіңдер дейді. Білмеймін енді қашанға дейін баратынымды. Мынау қиын болды. Інімнің үйінде жүрмін, қалада.

Тұрғындардың айтуынша, орталық газ жүйесінің құбыры жарылған. Жергілікті билік өкілдері сенбі күні бірден жаңғырту жұмыстарын қолға алыпты. Қалпына келтіру жұмыстары бір айға дейін созылатынын айтты. Әзірге апат себебі мен шығын көлемі белгісіз.  

Евгений ГЛОТОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Жарылыстың әсерінен ішкі бірнеше қабырға құлап, екі сыртқы қабырға сәл шытынап кеткен. Қалалық әкімдік жөндеу жұмысын қолға алды. Ол шамамен бір айға созылады. Бүкіл шығынды билік өтейді. Бұдан бөлек үш пәтер иесіне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек көрсетілмек.

Ал, «Горгаз-сервис» серіктестігінің өкілі жарылысқа газ емес, басқа нәрсе себеп болуы мүмкін деп отыр. Себебі, апаттан кейін пәтердегі құбырларды тексерген. Ешқандай олқылық табылмапты.   

Дмитрий СУВОРОВ, «ГОРГАЗ-СЕРВИС» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Жарылыс болған соң біздің мамандар пәтерлердегі бүкіл газ қондырғыларының жағдайын саралап шықты. Газ плитасы, құбырлар мен есептеуіш құрылғылары сау болып шықты. Бұған қоса, пәтердің ішінде газдың иісі болған жоқ. Жарылыстың қайдан шыққаны белгісіз. Оны сараптама қорытындысынан кейін білетін боламыз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеуде. Олар апат себебін анықтаудан бөлек, үйдің жалпы жағдайын тексермекші. Ал, тұрғындар бұған дейін де төтенше жағдай болғанын еске алды. 2010 жылы қалың қар түсіп, қабырға шыдас бермей, 15 см-ге жылжып кеткен еді. Сондықтан жөндеу жұмыстары аяқталғанның өзінде кейбір тұрғындар қаусаған үйге қайтудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.

А.Құрманкин