Кәсібін дөңгеленте алмай жүрген Ұлан есімді азамат кәсіпкерліктің дамымауының бір себебі эфир толы шенеуніктер мен әртістер, яғни әспеттелмейтін мамандықтар әспеттелетінінен деп санайды. Түпкі ойы, негізі не айтқысы келгеніне сәл кейін тоқталамыз. Бірақ мынадай қырын ашып алайық – поп-әншілер біздің тақырып емес, ал шенеуніктерді мақтап жүрген ешкім жоқ. Оларға байланысты Маяковскийдің «Прозаседавшиеся» тақпағын эфирден оқып бергенбіз.1922 жылы жазылған дүние «толқып, ұйықтай алмайсың, таңды арманмен қарсы аламын: енді тағы бір жиналыс болса ғой, барлық жиылысты жабатын», деп аяқталады. Жылына 100 күні жиналыспен өтетін шенеуніктер тұрғындарды қарапайым қажеттіліктермен қамтамасыз ете алмай отыр. Жап-жаңа мысал: Өскемен маңынан жер бөлген шенеуніктер, рұқсатпен үй салғандарды ұмытып кеткен...Ал елді-мекенде түк жоқ. Адамдардың Гогольше «Тьмутараканьнанбыз» деп сарказмға салғаннан басқа амалы қалмаған. Ирина Якунина мен Данияр Қайыртайдың материалы.
Өскеменде атауы жоқ ауыл бар. Атау ғана емес, жол да, көше де, су мен жарық та жоқ. Жергілікті халық «Тьмутаракань» деп өздерінше атап жүрген елді-мекен қала картасына да енбей қалыпты. Тіпті, әкімнің өзі бұл жер жайында жақында ғана білген. Қала басшысының өскемендіктермен жыл сайынғы кездесуінде аты жоқ ауылдың тұрғыны Сара Ламбукова сөз алып, 100-ден астам адам өркениет игіліктерінен жұрдай қалып отырғанын айтты. Мұны естіген әкім ғана емес, кездесуге келген өзге жұрт та таңданысып қалған екен.
Сара ЛАМБУКОВА, АТЫ ЖОҚ АУЫЛДЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Әкім мен сөйлеп болған соң, қай ауданда тұратынымды сұрады. Мен «Тьмутараканьда тұрамын» дедім. Зал тым-тырыс бола қалды. Тыныштықты бір жігіт ағасының қарқылдаған күлкісі бұзды. Жерлесіміз екен. Мен Украинада ғана емес, бізде де Тьмутаракань барын айттым. Әкім таң қалып, «қайда?» деп сұрады. «Жер учаскісін өздеріңіз бердіңіздер ғой, қалайша білмейсіздер?» дедім.
Мұндағы үйлер «Жеке тұрғын үй құрылысы» бағдарламасы бойынша салынған. Өскемен қаласының бас жоспарында бұл аумақты жаңа шағын ауданға айналдыру көзделген еді. Жол, коммуникация, мектеп, аурухана, балабақша, бәрі-бәрі қағазда жазылған. Сол қағаз күйі қалып қойды. Міне, сегізінші жыл: үйлер орталықтан емес, пешпен жылытылады; жоспардағы су құбырының орнына жалғыз колонка қазылған; жол болмағандықтан автобустар қатынамайды; ал электржелісі жеке адамның трансформаторынан таратылады.
Құмар ТОҚАНОВ, АТЫ ЖОҚ АУЫЛДЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жарық жеке трансформатордан таратылады. Егер «Алтайэнергоға» ауыстырса, әлдеқайда арзан болар еді.
Электр қуатының 1 киловаты үшін тұрғындар 17 теңгеден төлейді екен. Бұл қаладағы бағадан 5 теңгеге қымбат. Бас тартайын десе, басқа амал жоқ.
Сара ЛАМБУКОВА, АТЫ ЖОҚ АУЫЛДЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жол жағы қиын. Көктемде жер езіліп, балшық болып кетеді. Резеңке етікті жаз шыққанша шешпейміз. Қаланың бас жоспары бойынша біздің ауылдың аумағы үлкен болуы керек. Қаладағыдай ыстық су мен суық су, жылыту жүйесі болады деген. Мектеп, балабақша, аурухана салынатыны айтылған еді. Сонысына қызығып осы жерден жер телімін сатып алып, үй салғанбыз.
Егер көшелерге атау, ал үйлерге нөмір берілсе жедел жәрдем қызметі мен таксистерге жеңілірек болар еді дейді ауыл тұрғындары. Елді-мекенді GPS-навигаторлардан да таба алмайсыз.
Сара ЛАМБУКОВА, АТЫ ЖОҚ АУЫЛДЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біздің мекенжайымыз жоқ. Сол ыңғайсыз. Такси шақырсақ, бағдарды тұспалдап жеткіземіз. Естуімізше, келер жылы мұнда су тартылады. Әрі қарайғы жоспарларын білмейді екем.
Гогольше "Тьмутараканьды" Өскемен әкімі енді біледі. Жақында келіп кетіпті. Аты жоқ ауылдың мәселелерімен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылатынын жеткізген. Жиналыста сарказмға толы сөз айтқан Сара Ламбукованың үміті оянғандай.
Сара ЛАМБУКОВА , АТЫ ЖОҚ АУЫЛДЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Таңертең келді. Қаңғыбас иттерді аулайтындарын айтты. Біздің жанымызда саяжайлар алабы бар. Ондағы халық қыс түскенде үйлеріндегі иттерін босата салады. Ал біз қыс бойы балаларымызды сол иттерден қорғаумен боламыз. Мектепке шығарып салып, қарсы алып отыруға мәжбүрміз.
Тамара РАХИМЖАНОВА, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бізге тапсырмалар берілді. Енді соны орындауға кірісеміз. Жақын арада электр желілерін тексереміз. Себебі жергілікті халық жарық аз деп шағымданып отыр. Кейін су мәселесін шешеміз. Алдымен қанша қаржы қажет екенін есептеп алуымыз керек.
Өскемен маңындағы Үлбі ауылының тұрғындары да проблемаларының қордаланып қалғанын айтады. Бұл ауылдың атауы бары болмаса, басқасы жағынан "Тьмутараканьнан" еш артықшылығы жоқ. Жол төселетіні, жылу жүйесі жасалатыны, көшелерге жарық тартылатыны – оларда да сөз күйінде қалып отыр.
Александр ШАШКИН, ҮЛБІ АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Аялдама жоқ. Автобустар анау дүкен жаққа тоқтайды. Оған дейін жаяу 15-20 минуттай жүресің. Қарт адамдарға қиын.
Ал Алла Попенко азық-түлікті артығымен алып қоямыз дейді. Себебі боран соқса – ауылдан шығу мұң. Жолды қар басып қалады. Ондайда жедел жәрдем қызметінің көлігі де трассада тоқтап, дәрігерлер үйге дейін жаяу келеді екен.
Алла ПОПЕНКО, ҮЛБІ АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жол жоқ. Көктемде шалшық су кешіп жүреміз. Балаларды мектепке жеткізгенше тізеге дейін балшыққа былғанамыз. Көшелер жарықтандырылмаған. Кешке қолшам алып жүреміз. Себебі қаңғыбас иттер көп. Олардың адамдарға шапқан кездері де болған. Мұнда тұрып жатқанымызға 15 жылдан асты. Содан бері өркениет игілігінен жұрдаймыз.
«Қаланың шеткері аймақтарындағы проблемаларды қолға аламыз - атауы жоқ елді мекендегі үйлер нөмірленеді, көшелерге атау беріледі, жол мен коммуникациялық желілердің құрылысы жоспарға енгізіледі", депті Өскемен әкімі. Әзірге қалалық коммуналдық қызметтер елді-мекендердің қарын тазалаумен шектеліп отыр. Алдағы көктемде тізеге дейін балшық, қолшам хикаялары аяқталмайтыны түсінікті. Ал келесі көктемде ше?
Данияр Қайыртай, Ирина Якунина, Руслан Ли «Біздің уақыт»