Ел жастарына жалдама пәтерлер беріледі. 29-ға толмаған азаматтар Астана, Алматы не Шымкент қаласында кемінде үш жыл тұруы керек. Заңды жұмысы және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шоты болуы талап етілмек. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру туралы баяндама жасаған Қоғамдық даму министрі осылай мәлімдеді. Жалдамалы пәтер берудің тетіктері әзір ме? Данияр Қайыртай толықтырады.
ДАНИЯР ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:
Биыл елдегі үш республикалық маңызы бар қалада жұмыс істейтін жастар үшін үйлер салынбақ. Оған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасынан қаржы бөлінеді. Осылайша жыл сайын 1000-нан астам пәтер үш жылға жалға беріліп отырады. Бұл мерзімді қажетінше ұзартуға да мүмкіндік жасалады.
Дархан КӘЛЕТАЕВ, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Біздің өз есебімізше, 1 шаршы метрдің бағасы 200 теңгеден болады. Егер, жалға берілетін пәтердің жалпы аумағы 40 шаршы метр болса, айына 8-10 мың теңгеге айналады. Әзірге осындай үлгідегі пәтерлерді нарықтан сатып алуды ұсынып отырмыз. Баспаналар баллдық жүйемен беріледі.
Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ:
350 пәтер Астана қаласында, 350 пәтер Алматы қаласында, 300 пәтер Шымкент қаласында салынатын болады. Шаршы метрі 180 мың теңге, 40 квадрат. Қазір жоба келіп түсті. Біз мына үш қаланың акиматтарымен бірге талқылап жатырмыз. Қалай бөлінетіні, қандай бальный система болатыны бәрі пысықталып болғаннан кейін, бекітіледі деп ойлаймын.
Министрлік жастар үшін не нәрсе құндылық саналатынын білу үшін әлеуметтік зерттеу жүргізіпті. Нәтижесінде көбісі отбасылық бақытты өмірдің басты мәніне балаған. Екінші орынға денсаулықты қойыпты. Тек үшінші кезекте материалдық байлыққа дауыс беріпті. Осындай үдерісті байқаған министрлік елде жаңа үйленген жастарды қолдауға арналған орталықтар ашу бастамасын көтерді. Өңір-өңірде құрылатын бөлімшелер жас отбасылардың ажырасуын азайтуға күш салмақ. Бұл 2019-2024 жылдарға арналған «Отбасыларды қолдау» жол картасының аясында жүзеге асады.
Дархан КӘЛЕТАЕВ, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Отбасылық соттардың жанынан отбасыларды ресурстық жағынан қолдайтын орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз. Ал, Жастар ресурстық орталықтарының құрамында жастармен некеге тұрғанға дейін және жас отбасылармен жұмыс істейтін бөлімдер құрамыз. Мектеп оқушыларының жағдайына қарап, нашар отбасылардың диагностикасын жасамақпыз.
ДАНИЯР ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:
Жастар жылында олардың кәсіппен айналысуына және кәсіби біліктіліктерін арттыруларына арналған бағдарламалар іске қосылмақ. Мәселен, «Жас кәсіпкер» жобасының аясында 100 мың азаматты бизнеске баулу көзделіп отыр. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жас кәсіпкерлерге қосымша гранттар тағайындалуы мүмкін. Оларды қолдайтын қор да құрылмақ.
Д. Қайыртай