Ерікті студенттерге ақы төленсе, еріктілер саны артуы мүмкін. «Еріктілер лигасы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айсұлу Ерниязова осындай ойда. Өткен аптада әлеуметтік салада қол ұшын берген студенттерге ақы төленетіні белгілі болды. Оны министрлікке Президент тапсырған еді. Тегін қызмет етіп келген бүгінгі еріктілер немен айналысады? Олжас Нұржақып тарқатады.
Милана Мұсаханова еріктілер қатарына екі жыл бұрын қосылған. Бұл істі ол алғаш Универсиада ойындарында бастаған. Қазір еліміздегі үлкен ұжымның белсенді мүшесі. Бала кезден адамдарға қолғабыс етуді ұнататынын айтады.
Милана МҰСАХАНОВА, ЕРІКТІ:
Баста әртүрлі қиындықтар болды. Кейде «не үшін ол нәрсені істейсіңдер сендерге ақша төлемесе?» деген сөздер айтылатын. Әркім әртүрлі қабылдайды. Бірақ, біз өзімізге ұнайтын іс болғаннан кейін одан бас тарта алмаймыз.
Милана іспетті қоғамға көмек көрсетіп жүрген жастар «Еріктілер лигасы» ұжымында он мыңға жуық. Бәрі дерлік әртүрлі ауқымды іс-шаралардың басы-қасынан табылып, көмекке мұқтаж жандарға тегін қызмет көрсетеді. Әсіресе, олар мемлекеттік жобалардан бөлек, қарттар мен мүгедек жандардың нағыз қамқоршысына айналған.
Айсұлу ЕРНИЯЗОВА, «ЕРІКТІЛЕР ЛИГАСЫ» ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ұйымның құрылғанына 4 жыл болды. Біз көптеген қоғамдық жұмыстарға атсалысамыз. Әсіресе, жоғалған адамдарды іздеуге, қарттарға көмектесуге көмектесеміз. Өзіміздің осы әрекетіміз арқылы қоғамда мейірімді арттыра түскіміз келеді. Әрине, ішкі ереже бар бізде де. Ерікті түнге қалса тегін жеткізіп тастау, 4 сағаттан аса жұмыс болса тағамын беру дегендей. Бірақ, басты мақсатымыз - адамдардың бір-біріне барынша жанашыр, мейірімді болуына түрткі болсақ дейміз.
Студенттер енді еріктілер саны артатынына сенімді. Президент оларды әлеуметтік бағыттарға тарту үшін ақы төлеуді тапсырды. Министрлік бір сағаттық жұмыс 1000 теңге қылып белгіледі.
Ерлан САҒАДИЕВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:
Өте маңызды жобаның аясында студенттерді еріктілер қатарына тарту көзделеді. Осы мақсатта екі ваучерге бөлуді жоспарға қойдық. 2 және 5 академиялық сағат. Бұл бір семестр ішінде 20 және 50 сағаттық қызмет болып саналады және әр жұмыс сағатына мың теңгеден төлем жасау да жобаның негізгі бағыттарының бірі.
«Еріктілер лигасы» қоғамдық ұйымының есебінше, бұған он мыңдаған адам үн қосып, қоғам көмекшісіне айналар еді деп отыр. Осылайша, азаматтық қоғам қалыптаспақ.
О. Нұржақып