Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалдарында «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жүйесі жұмысын бастады

AstanaTV
20.02.2019ж. 20:00
2867
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалдарында «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жүйесі жұмысын бастады

Билік партиясының өңірлік филиалдарында «Бірыңғай әлеуметтік терезе» қызметі жұмысын бастады. Мәселесін арқалай келген көпбалалы аналар осы жерден сұрақтарына жауап алды. Көпшілік баспана мен мемлекеттік жәрдемақы жөнінде білуге асық. «Бірыңғай әлеуметтік терезе» қызметінің жұмысы жайлы Заңғар Санай сабақтайды.  

«Бірыңғай әлеуметтік терезе» республикалық акциясы Қостанайда қырық адамды қамтыды. Қоғамдық қабылдау жанынан құрылған қызметке алғаш жүгендердің бірі - Юлия Иштуганова. Алты баланың анасы көмір мен отын түсіріп беруді сұрай келіпті. Ал, Гауһар Серікқызы 4 баласымен ата-анасының пәтерінде тұрады екен. Көпбалалы ана баспана кезегіне тұра алмай жүр. Ипотекаға отбасының табысы жетпейтін көрінеді.  

Серік СМАЙЫЛОВ, ЗЕЙНЕТКЕР: 

Сегіз адам тұрып жатырмыз қазір 3 бөлмеде. Қайда жібересің балаларды? Қаңғыртпайсың ғой. Күйеубаламның кішкене денсаулығы жоқ. 50 мың алады. Әлгі барса айтады сенің ақшаң, айлығың жетпейді деп. Саған арендаға, ипотекаға үй берілмейді деп. Ол үшін 100 мың керек. Оны қайдан табады?

Қостанай облысында 4600 астам аз қамтылған және көпбалалы отбасы бар. Олардың арасында мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті алмағандары да баршылық.    

Бақытгүл ЖОЛДЫБАЕВА, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ҚО ФИЛИАЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: 

Бізге жүгінген жандардың сұрақтары түгел қадағалауға алынды. Енді оларға көмек көрсететін бизнес құрылым, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің тізімі құрылатын болады.

«Бірыңғай әлеуметтік терезе» жүйесі Шығыс Қазақстан облысындағы 20 аудандық филиалда жұмыс істей бастады. Көпбалалы аналарға тұрғын үй инспекциясы, әлеуметік қорғау және азаматтарға арналған үкімет өкілдері кеңес беріп, жол сілтейді. Құжаттарын рәсімдеуге көмектеседі. 

Жансая ҚАНЫБЕКОВА, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ШҚО ФИЛИАЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:  

Көптеген мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері осы жерде барлық құжаттарды қабылдап отыр. Бұл аналарға жан-жаққа әртүрлі мекемелерге бармау үшін ыңғайлы болды. Құжаттарын әкеп осы жерден жәрдемақылар рәсімдей алады немесе үй алуға құжаттар өткізе алады.

«Әлеуметтік терезе» Кереку халқына да қолжетімді болмақ. Одан бөлек көмекке мұқтаж жандарға нақты қолдау көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясының жанынан «Ана мен бала» атты ынталы топ құрылды.   

Динара САЛЫҚОВА, «АНА МЕН БАЛА» ЫНТАЛЫ ТОБЫНЫҢ ШТАТТАН ТЫС КЕҢЕСШІСІ: 

Кейбір аналарда съемный пәтерлерден шығарып жатыр. Оларға қазір нақты үй керек мысалы. Далада жүр. Кейбір аналар қазір сол пособияны алу керек негізінде заң бойынша. Бірақ, олар алмайды. Сондай кейбір сұрақтар осы қалада регион бойынша шешілді деп ойлаймыз.

Мамандар көптеген отбасылардың мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен жеңілдіктер, мемлекеттік бағдарламалар жөнінде мүлдем хабары жоқ дейді. Ал, «Бірыңғай әлеуметтік терезе» соларға нақты көмек көрсетілуін қамтамасыз етпек. 

З. Санай