$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағандыда тұрғын үй құрылысына қолайлы жер телімдері тапшы

AstanaTV
21.02.2019ж. 20:00
3371
Қарағандыда тұрғын үй құрылысына қолайлы жер телімдері тапшы

Қарағандыда тұрғын үй құрылысына қолайлы жер телімдері тапшы. Инфрақұрылымы бар алаңдардың аздығынан аймақтағы құрылыс компаниялары толық жұмыс істей алмай отыр. Бұл туралы «Астана» арнасына Саран қаласындағы үй құрылысы комбинатының директоры Александр Кику мәлімдеді. Құрылысшылардың айтуынша, бұл проблема оларды табыстан қағып қана қоймайды, қолжетімді баспананың қымбаттауына да әкеліп соғады. Айжан Қуаш тарқатады.  

Саран қаласындағы «ККК Бетон» серіктестігін 2013 жылы елбасының өзі ашқан болатын. Тұрғын үй құрылысына қажетті темір-бетон бұйымдарының барлығын өзі дайындап, өзі үй салатын комбинат индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған. Алайда, ерекше үміт артқан зауыт қазір тұралап қалды. Өндіріс қуаты жете тұра, санаулы ғана үй тұрғызуға мәжбүр. «Оған аймақта жер телімдерінің тапшылығы, инфрақұрылымы бар құрылыс алаңдарының аздығы себеп», - дейді комбинат басшылығы. 

Александр КИКУ, «ККК БЕТОН» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Зауыт бүгінде бір айда 2 көпқабатты үй тұрғызуға қауқарлы. Ал, 2018 жылы небәрі 4- ақ үй салдық. Меніңше, мәселе мемлекеттік бағдарламалар бойынша құрылыс жүргізілетін жер телімдері дұрыс бөлінбейді. Инженерлік коммуникациялар дер кезінде тартылмайды. Мысалға, 2017 жылы қаншама млрд теңге жерге құбыр тартуға жұмсалса, екі жылдан кейін құрылыс жоспарланған. Бұл тым ұзақ уақыт.

Сарандағы үй құрылысы комбинатының басты бағыты - қолжетімді баспана салу. Қазіргі таңда «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары бойынша бірнеше үй тұрғызған. Мамандардың айтуынша, құрылыс сапасы жоғары. Арнайы жылытқышы бар 3 қабатты бетон қысқа уақытта құрастырылуымен қатар орталық Қазақстанның қатаң қысына төзімді. Соған қарамастан бағасы да арзан. Пәтерлердің бір шаршы метрі 140 мыңнан 160 мың теңге аралығын құрайды. «Алайда, үй салуға қолайлы жердің тапшылығы бағаның қымбаттауына әкеліп соғады»,- дейді құрылысшылар.  

Иван МАЛЮШЕНКО, «ТК ИНЖЕНЕРИНГ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Қазақстанда жер көп. Бірақ, инженерлік коммуникациясы дайын құрылыс салуға жарамды аумақтар аз. Біз тіпті қысқа уақытта бүкіл бір шағын аудан да тұрғыза аламыз. Елбасы тапсырған арзан, сапалы, қолжетімді үйді жылдам салып берер едік. Ал, қазіргі жағдайда жер іздейміз, ал ол табыла қалса инфрақұрылымы жоқ болып шығады. Оны тартуға қаржы да, уақыт та кетеді. Мұның бәрі пәтер бағасының қымбаттауына әкеліп соғады.

Шенеуніктер құрылыс машақатынан хабардар екен. Жергілікті әкімдік қазіргі таңда қала ішіндегі шалғай аудандар арасындағы жерлерді игеруге тырысып жатқандарын айтты. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бос аумақтарға инженерлік коммуникация тартылмақшы. Сонымен бірге құрылыс қарқынды жүріп жатқан қаланың оңтүстік шығысына жылу жеткізу жоспарланған.  

Тайхан ҚАЛМАХАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Қазір үшінші жылу жеткізу жүйесінің жобасы жасалып, құрылыс істері бойынша комитетке жолданды. Бұл үшінші қазандықтан артылған жылуды Майқұдық арқылы оңтүстік шығысқа 22 шақырымға дейін жеткізуді көздейді. Жобаның құны 23 млрд теңге. Біз алдағы 3 жыл ішінде бөлшектеп қаржыландыруды сұрадық. Ол мақұлданса, 5-6 жылда оңтүстік шығыс жылумен қамтылады. Бұл да құрылыс қарқынын жақсартады.

Қазір тұрғын үйлер қаланың оңтүстік шығысына салынып жатыр. Қарағандының бас жобасына сәйкес болашақта қала орталығы осы ауданға көшіріледі. «7-20-25» бағдарламасы бойынша алдағы 2 жылда жеке компаниялардың 36 жобасы жүзеге асырылмақшы. Құрылыс басқармасының мәліметінше, жыл сайын Қарағанды облысындағы тұрғын үй құрылысына мемлекеттік бағдарламалар арқылы 1 жарым млрд теңге бөлінеді екен. Мамандардың айтуынша, ол шамамен 8-10 жоба. Ал, құрылыс компанияларының қауқарын толық жұмсауы үшін бұл көрсеткішті бірнеше есе ұлғайту керек. Оның үстіне Қарағандыда баспанаға сұраныс жоғары. 

А. Қуаш