$450.79 €482.21 ₽5.05
×

32 мың теңге айлық. «Құны» жоқ мамандықтар...

AstanaTV
04.11.2017ж. 20:00
6272
32 мың теңге айлық. «Құны» жоқ мамандықтар...

Елімізде әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім салаларындағы орта және кіші звеноға жататын қызметшілердің айлығы өте төмен. Сенатор  Бектаевтың мәліметінше, әлеуметтік – медциналық мекемелерде 8434, білім саласындағы арнайы интернаттарда 6050, денсаулық сақтау мекемелерінде 194 089 адам күн демей, түн демей жұмыс істейді және жұмыстары өте ауыр. Мысалы, жалғызбасты қарт кісілермен жұмыс істейтін жоғары білімді медбикелер 59 232 теңге, ал орта білімді медбикелер 49 300 теңге алады. Психоневрологиялық ауруы бар пациенттермен істейтін медбикелердің жалақысы 61 мың. 4-разрядты санитардың айлығы 43-45 мың теңге...Қазіргі уақытта аталған салалардағы қызметшілердің жартысының еңбек өтілі 1-2 жылдан аспайды. Мұндай қызметшілердің еңбекақысы олардың дипломы мен еңбек өтілінен емес, жұмыстарының ауырлығы, күрделілігі және спецификасынан құралуы керек! Сенатордың есебінше, ауыр жұмыс істейтін орта және кіші звенодағы 200 мың қызметшінің айлығын 50 мыңға көтерсе, керегі 10 миллиард теңге екен. Әрине, қоятын параллель - коррупционерлердің «жегендерінің» және «асайтындарының» қасында түк емес. Бас прокуратура Атырау облысының экс-әкімі Б.Рысқалиев құрған ұйымдасқан қылмыстық топқа байланысты сот жүріп жатқанда оның кассирлері офшорларға 71 млрд теңге шығарып үлгергенін айтады... Германияда балабақша тәрбиешісі 1500 еуро, Норвегияда 3500 еуро алады. Павлодарда тұратын 3 баланың анасы Арайдың, тәрбиешінің көмекшісі, айлығы – 32 мың теңге. Таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін жүргенде 30-40 мың ғана алатын тек Арай емес... 

Арай - балабақшада тәрбиешінің көмекшісі. Бес жылдық тәжірибесі бар маман 1,25 ставкамен жұмыс істейді. Таңғы сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін тыным таппайтын келіншектің алатыны 32 мың теңге ғана. Бақшадағы балапандарымызға тамағын беріп, бөлмесін жинап, киіндіріп, кейде тіпті оқу-жазуды үйретуге көмектесетін мамандардың айлығы осындай.

Арай, тәрбиешінің көмекшісі:

32 мың деген қазіргі заманда, қазіргі біздің бағалармен, қымбаттап жатыр бәрі. Тамақ жағы. Балаларды киіндіру керек. Өзімде үш балам бар. Барлығы мектеп жасында. Күнде тамаққа беру керек, жолдарына беру керек. Оның барлығы ақша. Енді жұмыс жоқ болғансын қазір осы жұмысқа ұсталып жүрміз.

Біздің елде «құны жоқ» мамандыққа жатқызылатын балабақша тәрбиешісі Еуропа мен Америкада беделді кәсіптердің санатында. Босаған бір орынға кәдімгідей ұзын-сонар кезек қалыптасып, тартысты конкурс болады екен. Сәйкесінше, еңбекақысы да атқарған жұмысына сай.

Мәселен, эстониялық тәрбиешіге балаларды бағып-қаққаны үшін айына 500 еуро көлемінде жалақы тағайындалады. Ал, Германияда шамамен 1 жарым мың еуро болса, Норвегиядағы ахуал тіптен жақсы - 3 мың 500 еуро. Швеция, Финляндия мен Данияда мектепке дейінгі мекеме қызметкерінің айлығы  2 мың еуро. Канада мен АҚШ-та аталған саланың мамандары сағат тәртібімен алады. Бір сағаттық ақы 10 доллар мен  35 доллардың аралығында.

Айырмашылық жер мен көктей! Дамыған елдерде бала тәрбиесімен айналысатын қарапайым маманға лайықты төленеді! Ал бізде... Арамызда алатыны ас-суына да жетпейтіндердің армиясын ойласам... ішім күйіп кетеді, шынымен.

Света Үмбетова, жалғызбасты ана:

Жалақым 32 000. Соның 12 мыңын ғана қолыма алам банктен барып. Қалғанының бәрін кредитке ұстайды. 12 мың пәтерге жетпейді немесе балам екеуміздің жолымызға жетпейді. Балам екі мезгіл жаттығуы мен сабағына барып келеді. 9-класта оқиды. Өзім жұмысқа барам.

Оралдық Света Үмбетова қалалық перзентханада лифтёр болып жұмыс істеді. Жалғызбасты ананың еңбекақысы алдыңғы кейіпкеріміздікіндей мардымсыз. Пәтер жағалап жүргеніне он жылдан асқан. Оның үстіне демікпемен ауырады. Осыдан екі жыл бұрын банктен 250 мың теңге несие рәсімдеп, дәрі сатып алады. Біразын пәтерақыға төлепті. Кейін денсаулығы сыр бергенде несиесін өтей алмай қалған. Қазір шаршап-шалдығып табатын жалақысының басым бөлігін банкке төлейді.

Света Үмбетова, жалғызбасты ана:

Ауырам деп айта беруге қиналам, ұялам халықтан. Әкімнен сұрайтыным, «Нұр Отаннан» сұрайтыным бір бөлмелі пәтерге көмектессе екен. Мен қашанғы жер мен үй кезегінде тұрамын? Ол қашан келеді?

Акушер болып істегеніне 40 жыл толған Рәзиләш Бегімбетованы өңір жұртшылығы жақсы біледі. Күн сайын перзентханада дүниеге келетін 10 нәрестенің тең жартысы осы жанның жіті бақылауында болған. Бәрінің кіндік анасы атанбасам да, көбінің бұл өмірді көруіне көмектестім,-деп мақтанады. Сондықтан, ол үшін қызметінің ауыртпалығынан гөрі жауапкершілігі маңыздырақ.

Рәзиләш Бегімбетова, жоғарғы санатты акушер:

Бір кісіге емес екі кісіге жауап береміз. Қазіргі жастарда өте қиын. Алдын ала босану, уақытынан асып кету деген бар. Экология ма, жастарымыз өте қиын жағдайда түсіп жатады.

«Қолы алтын маман» атанған кісіні толғандыратын бір дүние бар. Ол – адамның өміріне тікелей жауап беретін аталған кәсіпке қызығушылықтың азайып бара жатқандығы. Жастар келмейді емес, келеді. Тек, еңбекақының аздығы мен жұмыстың қиындығынан тұрақтамайды,-деп күрсінеді. Сөзінің жаны бар. Қырық жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты акушердің алатын жалақысы 70 мың теңгеге жетер-жетпес. 

Рәзиләш Бегімбетова, жоғарғы санатты акушер:

Еңбекақыны қосады ма деп ойлаймыз. Күтеміз. Бәрі қымбаттап жатыр. Санитаркалар бар, олардың ақшасы аз, акушерлер бар, олардікі де аз. Қазір жұрттың бәрі кредитпен ғана өмір сүріп жатыр.

Бұл – Павлодар облыстық паллиативтік көмек ауруханасы. Мұндағы пациенттердің көбі төсек тартып жатқандар. Қатерлі ісік ауруының соңғы сатысымен күресіп, үміті үзілуге шақ қалған жандар. Осыдан 16 жыл бұрын құрылған мекемеде мамандығын шын сүйетіндер топтасқан деуге болады. Солардың бірі – Алена Оздоева. Еңбек жолын қарапайым медбикеден бастаған ол бүгінде бас дәрігердің орынбасары. Әйтсе де, біздің уақыт мол тәжірибе мен адал еңбекті  бағаламайды,- деп налиды.

Алена Оздоева, Павлодар облыстық паллиативтік көмек ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Тағайындалған жалақы қазіргі медбикенің, санитардың, тіпті дәрігердің атқаратын  қажырлы еңбегіне еш сай келмейді. Шындығында, бұл адамдардың істейтін жұмысына бас иіп, құрмет көрсету керек. Бізде керісінше ме деп қалам. 58 мың теңге. Бұл 30 жылдық еңбек өтілі бар, екінші санаттағы білікті маманның алатын айлығы. Медициналық қызметкерлердің жұмысы бағаланбайтыны рас.

Хоспистегі ең ауыр шаруаны санитарлар атқарады. Ауыр науқасты күтіп-бағатын солар. Тамағын беріп, төсек-орнын жинап, дәрі-дәрмегінің уақытылы ішуін қадағалайды. Жуындырып шайындыратын да осы адамдар. 

Әлия Құсманова, санитарлық қызметші:

Окладым 34 мың. Таңертең келеміз. Ендігі таң атқанша, 8-ден 8-ге дейін. 24 сағат тәулігіне. Заря ауылында тұрамын. Қала шетінде. Бізге автобуста жүрмейді. Жолшыбай көлікпен келіп-кетеміз. Жүрісімізге кетеді. Бала-шаға бар. Бірдеңе қылып жеткіземіз.

Байқадыңыз ба, кейіпкерлеріміздің бәрінің айтатыны бір ауыз сөз – «әйтіп-бүйтіп жеткіземіз!». Бірақ... Бірақ, баға деген бәле бір орында тұрақтауды қойды. Статистикаға сүйенсек, инфляция жеткізбейтін "түлкі" болды.

Мәселен, өткен 9 айда бірінші кезекте тұтынатын тауарлардың ішінде пияз – 32,8 пайыз, картоп - 31 пайыз, сиыр еті -13,2 пайыз, қойытылған сүт – 10,4 пайыз, сары май мен кондитерлік өнімдер орташа есеппен 9 пайызға қымбаттаған. Бұған құны бір күнде аспандап кеткен дизель отыны - 19,9% мен бензинді - 17,3% қосыңыз. Қай бағытты алмасақ та, қалтаны қарып, миды жейтін тоқтаусыз – қымбатшылық. 

Елімізде ең төменгі өмір сүру деңгейі қазан айында  25 738 теңгені құрапты. Ал тағы да сол ортаңғы персоналдың арасында еңбекақысы осы сомаға да жетпейтін «құнсыз мамандықтар» бар. Мәселен, еден жуушы, аула тазалаушы, күзетші.  Олар айлықтарының 15 мың мен 29 мың теңгенің аралығында екенін тек камера-микрофонсыз айтады. Ашық айтудан именеді. Дәлірегі - қорқады. Тиын-тебен алып отырған қызметінен айрылып қаламын деп үрейленеді. Түсінесің.

Қош, кейіпкеріміздің 32 мың теңге еңбекақысын мен өзім үшін бір айға бөліп көрдім. Ойлана келе, ақшаны бес негізгі бағытқа бөлуді жөн санадым. Біріншісі несие. Бүгінгі адамның бәрінің мойнында бар дүние, ол. Екіншісі – коммуналдық қызмет. Одан кейін – күнделікті жүріп-тұрудың жолақысы. Анда тартып, мында тартып жетпеген соң біреуден алған қарызым бар. Ең соңғысы - азық-түлік.

Сонымен, кір жуатын машина үшін 2 жылға рәсімделген кредит – 7000 теңге
Одан кейін  коммуналдық қызмет – кем дегенде 10 мың теңге.
Жұмысыма барып келудің ақысы – шамамен 6500 теңге. (Кейде жаяу жүруге тура келер)

Айлыққа дейін бір танысымнан 5 мың теңге қарыз алып едім, болмағанда соның 3000 теңгесін осы жолы қайтарам, әйтпесе қысылғанда тағы көмек сұрауға бет жоқ.
Бәрін түгендеп болған соң 5500 теңге қалды. Бұл енді азық-түлігіме.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

32 мың теңгелік айлықтан қалған 5 жарым мың теңгеге не алуға болады?! Осы сауалға нақты жауап алу үшін қаладағы әлеуметтік дүкендердің біріне келдім. Қазір көреміз бұл сомаға не алатынымды. Бастысы, алғаным бір айға жетеді ме?!

Дүкен сөрелеріндегі самсаған азық-түліктен көз тояды. Бірақ мен қалтамдағы шамалы соманы есептеп, ең арзанын, ең керегін ғана сатып алуға тырыстым.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Сөйтіп, еңбекақымнан жырып алған бес жарым мың теңгеме бір дорбаға толар-толмас мына дүниелерді сатып алдым. Алайда, оның бір айға жететініне күмәнім бар. Тағы да танысымнан қарыз алып, амалдармын. Қайтейін, бүгінгі күннің боямасыз тірлігі осы.

Әсемгүл Мұхитқызы «Біздің Уақыт».