Қазақстанда 30 мың теңгеден сәл асатын еңбекақыға қарап отырған адамдар көп. Олар аз ғана ақшаға күн көріп, бала-шағасын асырайды. Өкініштісі, халықтың басым бөлігінің жағдайы осындай. Мұндай жалақы олардың қосымша табыс табатын жерінен алатын айлығы емес. Дәлірек айтсақ, тұрақты істейтін жұмысынан тиын-тебен алатындар баршылық. Есесіне, олардың жұмысы өте ауыр, кейде тіпті екінің бірі істегісі келмейтін лас істерді атқаруына тура келеді. Олардың бірқатарын тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы сөзге тартқан еді. Әсемгүл мардымсыз жалақы тақырыбын жалғастыруға дайынсыз ба?
Иа, мамандықтың да мамандығы бар. Елде еңбекке қабілетті буынның дені орташа персоналға жатады. Бұл тізім, санитарлық қызметші, медбике, еден жуушы, аула тазалаушы, күзетші, хатшы деп, кете береді. Тек аталған кәсіптерді адал атқарып жүргендердің қызметі қаншалықты бағаланады?! Мәселе осында.
Арай - балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек етеді. Бес жылдық тәжірибесі бар маман - 1,25 ставкамен жұмыс істейді. Таңғы сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін тыным таппайтын келіншектің алатыны - 32 мың теңге ғана. Үш баланың анасы мүлде жұмыссыз отырғаннан гөрі жақсы ғой, осыған да «шүкір» деп күрсінеді.
Арай, тәрбиешінің көмекшісі:
Күнде тамаққа беру керек, жолдарына беру керек. Оның барлығы ақша. Енді жұмыс жоқ болғасын, қазір осы жұмысқа ұсталып жүрміз. 32 мың деген қазіргі заманда, қазіргі біздің бағалармен, қымбаттап жатыр бәрі.
Дәл осындай жағдай оралдық Света Үмбетованың да басында бар. Қалалық перзентханада лифтёр болып жұмыс істейтін жалғызбасты ананың еңбекақысы мардымсыз. Пәтер жағалап жүргеніне биыл он жылдан асқан. Оның үстіне демікпемен ауырады. Осыдан екі жыл бұрын банктен 250 мың теңге несие рәсімдеп, дәрі сатып алады. Біразын пәтер ақыға төлепті. Кейін денсаулығы сыр бергенде несиесін өтей алмай қалған. Қазір шаршап-шалдығып табатын жалақысының басым бөлігін банкке төлейді екен.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
32
мың теңге! Бұл материалды дайындау барысында осындай да еңбекақы барын
естігенде, таң қалғанымды жасырмаймын. Бірақ, өкінішке орай, бұл бір адамның
ғана емес, еліміздегі білім, медицина, мемлекеттік қызметтің ортаңғы немесе
техникалық персоналдың басындағы
боямасыз жағдай. Біздің елде тағы қандай «құны тым арзан» мамандықтар бар? Осы
және өзге де сұрақтардың жауабын «Біздің уақыт» апталық-сараптамалық
бағдарламасына әзірленген сюжеттен таба аласыздар. Олай болса, ертең сағат
20.00-де "Астана" арнасы қосулы болсын. Ләйлә.