Қарағандыда құрылыс фирмасы 100-ден астам адамға жалақы төлемей отыр. Мемлекеттік тапсырыс алып, жұмысшыларды жалдаған компания екі жылдан бері ұстатпай кеткен. Жапа шегушілердің есебінше, «Арман-Құрылыс» оларға 40 млн теңгедей қарыз. Еңбек дауын Әлішер Өмірзақ тарқатады.
Сырым Махамбетшин былтыр жазда Абай қаласындағы №1 және №14 мектептердің ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізген. «Арман-Құрылыс» мекемесі оның бригадасына 13 миллион теңге төлеуге келіскен. Жұмысшылармен еңбек келісімшартын жасауға құжаттар да жинапты. Кейін созбаққа салып, келіскен соманың 9 млн теңгесін бермей тайып тұрған.
Сырым МАХАМБЕТШИН:
Мектепте кластарды істедік, 6 класты. Бір коридор. Потом сол «Арман-Құрылыс» просить етті екі коридорды алдық, Бірінші мектепте үлгермей жатқан соң үлкен коридорды істеп бердік, соның бәрінің ақшасын берген жоқ. «Біз алдамаймыз, үлкен фирмамыз»,- деді. Енді не ақша жоқ, барсақ, есіктерін ашпайды, офистарын без конца ауыстырып тастайды.
Жапа шекендердің айтуынша, дәл осы фирмаға алданғандардың саны 100-ден асады. Олардың жартысы 2017 жылы Қарағандыдағы облыстық инфекциялық аурухана мен Жедел жәрдем орталығы ғимаратын жөндеген. Қалғаны 2018 жылы Абай қаласындағы мектептерде жұмыс істепті.
Мейрам ӘЛІБЕКОВ:
Ал, енді басқа объектілерді, инфекционка, скорая помощь басқаларын санағанда «Арман-Құрылыспен» жұмыс істеген 100-ден астам адам, жұмысын істетті де аванспен договорымызды бәрін қолға бермей осындай іс істеді. «Бұлардың біреуін танымаймын»,-дейді.
Ал, мекенжайын ауыстырып жіберген «Арман-Құрылыс» серіктестігі бізбен кездесуге құлықсыз. Қазір мәселені еңбек инспекциясы шешуге тырысып жатыр екен. Мекемеге әзірге 12 адам арызданған.
Қанатбек БАЛСАРИЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ БОЙЫНША БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Жұмыскерлердің жалақысы төленбеген мамыр-тамыз айларының аралығында, ол бірінші. Екіншіден сол жұмыскерлермен еңбек шарты жасалмағаны анықталды. ҚР Әкімшілік құқық бұзу Кодексінің 86,87 баптарына сәйкес айыппұл салынды. Әрине, жұмыс беруші келіспей сотқа шағымданған.
Дау-дамайға қарамастан аталған фирма мемлекеттік сатып алуға қатысудан шеттетілмеген. Сондықтан, «Арман-Құрылысқа» жөндеу жұмыстарының ақысы да алдын-ала төленіп қойған. Ал, суб-мердігерлермен қалай есептесетіні белгісіз.
Мейрам ӘЛІБЕКОВ:
2018 жылы 16 март күні шешімі шыққан Октябрьский соттың «Арман- Құрылыстың» қозғалатын, қозғалмайтын мүлкі, шоттарын бәрін жабуға, сонымен бұл 25 март күні отдел образования Абайдың сонымен келісімшартқа отырады. Тендерді ұтып. Сонда қалай? Заң бір жерде істеп, бір жерде істемей қала ма? Біздің ойымызша, бұның бәрі келісім, сыбайластық деп ойлаймыз.
Қазіргі уақытта сот процестері әлі аяқталған жоқ. Еңбек инспекциясы: «Келісімшарт жасалмағандықтан жапа шегушілердің жеңіп шығуы екіталай»,-дейді.
А.Қуаш