Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Алматыда алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтың жеке көлігін тәркіледі

AstanaTV
01.03.2019ж. 20:00
2355
Алматыда алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтың жеке көлігін тәркіледі

Алматыда сот орындаушылары алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтың жеке көлігін тәркіледі. Қалалық әділет департаменті әкелік парызын орындауға құлықсыз тұрғындарды шақырып, оларға шара қолданды. Мойнында 1 миллион 400 мың теңге берешегі бар тұрғын жұмыссыз екенін, қарызды өтеуге жағдайы жоғын айтып ақталды. Оның бұл қарызы 2016 жылдан бері жиналған. Бірақ, сот орындаушылары астындағы көлігін тартып алды. Енді олар «Ауди» маркілі көлікті аукцион арқылы саудаға шығарып, оның қаржысын баласына аудармақшы.  

Абзал ӘДІЛОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Түнекбаев 2016 жылдан бері алиментін төлемеген. Баласының барын біле тұрып көмектеспеген. Машинасының соммасы толық алиментті жаппаса, ҚР Әкімшілік кодексімен айыппұлға тартылады. Одан кейін Қылмыстық Кодекстің 139 бабы бойынша ұсыныс жіберіледі қылмыстық жауапкершілікке тартуға.

Сот орындаушылары тағы бір әкеге ескерту жасады. Тез арада берешегін бермесе, оның да темір тұлпары тәркіленбек. Департамент мәліметіне сүйенсек, жауапсыз әкелерден жыл басынан бері 6 автокөлік алынған. Шахарда алимент төлеуден қашып жүрген 800-ден аса адам бар екен.  

О. Нұржақып