Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Пәтер жалдап жүрген аз қамтылған әрі көпбалалы 6 мыңнан астам отбасы биыл арзан ипотекаға қол жеткізе алады

AstanaTV
05.03.2019ж. 20:00
6925
Пәтер жалдап жүрген аз қамтылған әрі көпбалалы 6 мыңнан астам отбасы биыл арзан ипотекаға қол жеткізе алады

Пәтер жалдап жүрген аз қамтылған әрі көпбалалы 6 мыңнан астам отбасы биыл арзан ипотекаға қол жеткізе алады. 2 пайыздық несие 19 жылға дейін беріледі. Бұл туралы Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің жиынында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді. Несиеге 6 миллион теңгеден 15 млн теңге дейін алуға болады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында несие алатындардың ай сайынғы табысы отбасы мүшелерінің әрбіреуіне шаққанда бір айлық төменгі жалақы көрсеткішінен аспауы керек. Бұл 42 500 теңге. Айта кету керек, жоба бойынша бастапқы жарна да төмендетілген. Ол 10 пайыздан аспайды.  

Ләззат ИБРАГИМОВА, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ: 

«Бақытты отбасы» бағдарламасы ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Алматы қаласында жүзеге асырылады. Ал, республика бойынша бұл жоба сәуір айында жұмысын бастайды. Осылайша, өзгенің үйін жалдап тұратын аз қамтылған, көпбалалы отбасылар өз үйлеріне қол жеткізе алады. Біз арнайы зерттеулер жүргіздік. Оның нәтижесі бойынша 6 мыңға жуық отбасы осы жылы өз баспаналарына қол жеткізеді деген жоспар бар.  

Жиын барысында әрбір отбасына баспана берудің жаңа мүмкіндіктері қарастырылды. Депутаттар «7-20-25» бағдарламасының іске асуына тосқауыл болатын негізгі себептерді анықтау қажет деп отыр.   

Гүлнар БИЖАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:   

Елімізде ипотекалық несие беретін банктер бастапқы жарна құнын төмендетуі керек. Өйткені, отбасы 15-25 млн теңгеге пәтер алатын болса, жоқ дегенде 5-6 млн теңге баспақы жарна төлеуі керек. Ал, есептеп көрсек, бұл қаржыны егер табысыңыздың 50 пайызын жинап отырсаңыз, 3 жылдан астам уақыт өтеді. Үйге қол жеткізгеннен кейін жөндеу жұмыстары бар. Ал, «7-20-25» бағдарламасының толыққанды жүзеге аспауына халықтың басында тұтынушылық несиенің көп болуы. Бұл проблеманы да шешу керек.  

Н. Біләл