Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Павлодарда 15-ке тарта жұмысшы 1 жарым айдан бері жалақысыз отыр

AstanaTV
13.03.2019ж. 20:00
3218
Павлодарда 15-ке тарта жұмысшы 1 жарым айдан бері жалақысыз отыр

Павлодарда тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жылу және су желілеріне қызмет көрсететін кәсіпорынға 4,5 млн теңге қарыз болып қалған. Кесірінен 15-ке тарта жұмысшы 1 жарым айдан бері жалақысыз отыр. Мәселенің мәнісін аймақтағы тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.   

Дмитрий Кошкин отбасының жалғыз асыраушысы. Күнде елден бұрын тұрып, қаланың жылу, су және кәріз желілерін тексереді. Апат бола қалған жағдайда күн-түн демей жұмысқа шығады. Бірақ, уақытылы еңбегін ала алмай әлек. Себебі, кәсіпорын тығырыққа тірелген. Мекемемен жұмыс істейтін шаһардың тұрғын үй коммуналды шаруашылығы келісімшартты бұзып, оларға ақшаларын беруден бас тартыпты. Соның салдарынан кәсіпорын жұмысшылары жалақысыз қалған.  

Дмитрий КОШКИН, КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ: 

Біз ақпан бойы қызмет көрсеттік. Үйлер жылы болсын, жылу болсын деп. Кәріз жүйлелерін тазаладық. Жарылған су құбырларын қалпына келтірдік. Апат болған жердің бәрінде жұмыс істедік. Бірақ, бізге осы жұмыстарымыз үшін жалақы төлемей отыр.

1 жарым айдан бері еңбекақы бере алмаған кәсіпорын, жұмысшыларының жартысын ақысыз демалысқа жіберген. Қазір 5-6 ғана қызметкері қалыпты. Олардың өзі амалсыз жүргендерін айтады.  

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ: 

Қыстың қақаған аязы мен боранды күндеріне кәріз жүйесін тазалаған жұмысшылар ақыларын ала алмай жүргеніне қапалы. Олар қарызға әбден баттық дейді. Кейбірінің несиесі уақытылы жабылмай, өсім ақша қосылған.

Ал кәсіпорын басшысы бар кінә қаланың ТҮКШ басшысының міндетін атқарушы Олжас Баймақов та екендігін айтуда. Себебі, ол бөлімге жетекшілікке келгелі бері мекемеге қысым көрсете бастады деп отыр. Енді бұл жолы ол 3 жылға жасалған келісімшартты бұзды дейді кәсіпорын директоры.  

Иван БЕСПАЛОВ, «ИРТЫШ СЕРВИС ПВЛ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Бұның барлығы «Коммун-Сервис» кәсіпорынына өтпекші. Сондықтан, олар бізді нарықтан ысырып тастап, баяғыда банкрот болған «Горхомхоз» кәсіпорнын қайта жандандырмақ. Осы арқылы олар қайтадан бұл кәсіпорынды ашпақ ниетте. Себебі, мұнда әлі күнге дейін сол «Горхомхоз» адамдары жұмыс істейді.

Олжас Баймақов болса, өзіне тағылған айыппен келіспейді. Дегенмен, шарт жасасуда қалалық ТҮКШ қате жібергендігін мойындады. Өйткені, мердігермен 3 жылдық келісім жасалмайтындықтан прокуратура шартты тоқтатқанын жеткізді.  

Олжас БАЙМАҚОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ЖӘНЕ АЖ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ м.а.: 

2019 жылдың қаңтар айында төлем аталған компанияға толық көлемде төленді. Ал ақпанда арнайы акт жасалып, оларға шарт бұзылатындығы туралы хабарландыру жіберілді. Сондықтан, ақпан айындағы жұмыстар әлі тексерілетін болады. Наурыз айында біздің тараптан ешқандай тапсырыс болмады. Сол себепті, жалақы мәселесін екі тарап өздері шешу керек.

Демек жұмысшылар жалақысы тек арнайы тексерулерден кейін ғана берілуі мүмкін. «Оның өзінде кінә тұрғын үй коммуналды шаруашылығы тарапынан болмаса, жұмысшылар еңбекақысын кәсіпорын өзі төлеуі тиіс»,-деді бөлім басшысы.  

Ө. Қуанар