Қуандық Бишімбаев сот процесі аяқталғанша қамауда болады. Алдын ала тыңдалым бойынша шешім шығарған судья осылай деп мәлімдеді. Оның пікірінше, экс-министрге тағылған айып өте ауыр. "Үй қамақта отырса тергеуге кедергі келтіруі мүмкін,"- деді судья. Ал сот отырысы 7 қарашада басталады. Кеше өткен тыңдалымда адвокаттар бірнеше өтініш жасағаны белгілі. Судья олардың бірқатарын негізсіз деп тапты. Соның ішінде істі тоқтатып, прокурорларға қайта жолдау жөніндегі өтініш те бар.
Әділхан Шайхисламов, судья:
Сот адвокаттар Зубенко, Мусин және Рахманның қылмыстық істі тоқтату турасындағы өтінішін негізсіз деп таныды. Іс прокурорға қайта жолдансын деген өтініш те өзгеріссіз қалсын. Сондай-ақ Бишімбаев, Исабек, Нұрлыбектердің бұлтартпау шарасын жеңілдету туралы өтініші қанағаттындырылмайды.
Сот адвокаттарға ноутбук пайдалануға рұқсат етті. Және кейбір айыпталушылардың суреттерін БАҚ беттерінде жарияламау туралы өтінішті де қанағаттандырды. Бірақ Бишімбаевтың өзі және қорғаушылары бұл іс туралы ақпараттардың жариялануына қарсы емес. Кешегі тыңдалымда мемлекеттік айыптаушылар іске қатысты жаңа қылмыстық акт жариялайтынын айтқан. Алайда бүгінгі отырыста еш өзгеріс болған жоқ. Адвокаттардың қолына қылмыстық істің айыптау актісі бүгін ғана тиген.
Сәлімжан Мусин, Қ.Бишімбаевтың адвокаты:
250
томның ең бірінші томының алғашқы бетінде тұратын маңызды құжат айтарлықтай
бұрмаланған. Дәл осы беттен сотқа дейінгі тергеу басталады. Бүгін өтініш айту
мүмкіндігі болса, мен куәгер ретінде тергеу департаментінің жетекшісі Перов
мырзадан, тергеуші Ақылбаев пен прокуратура өкілі Сүлейменов мырзадан құжатты
жасақтағанда рапорт 9-шы тамызда жазылғанын, ал тіркелген штамптың қалайша
13-ші қыркүйек күні пайда болғанын сұрар ем.