Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қ. Тоқаев АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі У. Мозерді қабылдады

AstanaTV
27.03.2019ж. 20:00
2301
Қ. Тоқаев АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі У. Мозерді қабылдады

Бүгін Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозерді қабылдады. Құрама штаттар өкілі мемлекет басшысына сенім грамотасын табыстады. Жаңа елшіні жаңа Президент бар сән-салтанатымен қарсы алды. Төтенше және өкілетті елші Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дональд Трамптың сенімін жеткізу үлкен құрмет екенін атап өтті. Рәсімнен кейін елші журналистер алдына шықты. Орыс, француз, неміс тілдерін меңгерген дипломат қазақша амандасты. 

Уильям МОЗЕР, АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Сәлеметсіздер ме! Бірінші Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөнінде лидер болды. Біздің стратегиялық қарым қатынасымыздың негізі ретінде осы қала береді. Сонымен қатар, америкалық компаниялар тарапынан болатын инвестицияларға қатысты байланысты да нығайтуға мүдделіміз. Ол екі елге де көп пайда әкеледі. Екі жақты ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілеріне сенемін.

Сондай-ақ, Президент әкімдермен кеңейтілген жиын өткізді. Онда әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға 40 мың жалдамалы пәтерді мамыр айынан бастап беруді тапсырды. Және өңір басшыларына халықпен жиі жүздесу керегін айтты. Тіпті, әкімдерді әлеуметтік желіде аккаунт ашуға шақырды. Мемлекет басшысы үш тілділікке қатысты да пікір білдірді. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Бұл – өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек.

А. Сейфулла