Негізгі / Жаңалықтар / Ресей Қазақстаннан 30 мың автокөлік сатып алмақ

Ресей Қазақстаннан 30 мың автокөлік сатып алмақ

Ресей Қазақстанда жасалған 30 мың автокөлікке квота бөлуі мүмкін. Ресей автомобиль дилерлері қауымдастығының президенті Олег Мосеев осылай деп мәлімдеді. Әзірге тараптар арасында келіссөз жүріп жатыр. Оң шешім шықса, отандық автозауыттар үшін экспорт көлемі біршама артады. Астанада өткен халықаралық автомобиль форумынан Данияр Қайыртай толықтырады.  

Фрэнк Риндеркнехт форумға арнайы Швейцариядан шақырылған. Ол автобизнес саласында футуристикалық болжамдар жасайтын әйгілі компания Президенті. Айтуынша алдағы онжылдықта автоиндустрияда қоршаған ортаны қорғауға арналған технологиялар қарқынды дами бастайды. «Қазақстан да оның басы-қасында болуы керек», - дейді визионер. 

Фрэнк РИНДЕРКНЕХТ,RINSPEED AND UNCONVENTIONAL BUSINESS VISIONARY» ПРЕЗИДЕНТІ (ШВЕЙЦАРИЯ): 

Қазақстан жаһандық нарықпен, әлемдік технологиялармен бірігуі керек деп ойлаймын. Нарықтар тез дамып жатыр. Түрлі трендтер шығып жатыр. Айталық, болашақта адамдар автокөлікті өздері жүргізбейтін болады деген болжам бар. Соған дайын болу керек.

Оған әлі жетпесек те, елде сатылатын екі көліктің бірі Қазақстанда шығарылған. Елде 2015 жылдан бері отандық автоны жеңілдікпен несиеге беру бағдарламасы бар. Яғни, құны 15 миллионнан аспайтын жеңіл көліктер 4 пайызбен кредитке беріледі. Оған Үкімет 36 млрд теңге бөлген. Ал жүк көліктерін сатып алатындарға лизинг бағдарламасы қаралған.  

Анар МАҚАШЕВА, ҚАЗАҚСТАН АВТОБИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: 

Былтыр елде автомобиль өндірісі 2,5 пайызға өсті. Қазақстан аумағында сатылған әрбір екінші машина - отандық өндірушілерге тиесілі. Бұл жерде мемлекеттік қолдаудың да әсері бар.

Ал экспорт көлемі 2012 жылдан бері 8 есе өскен. Дәлірек айтсақ, 260 техника былтыр сыртқа саудаланыпты. Биыл оны бірнеше мыңға жеткізу көзделіп отыр. Көрші Ресей көлік сатып алуға квота бөледі деген «сыбыс» бар. 

Олег МОСЕЕВ, «РОССИЙСКИЕ АВТОМОБИЛЬНЫЕ ДИЛЕРЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ (РФ): 

Қазақстаннан Ресейге айтарлықтай көп көлік келіп жатқан жоқ. Қазір осы мәселеге қатысты келіссөздер жүріп жатыр. Мүмкін сіздерде құрастырылған машиналарға біздің үкімет квота бөле бастайтын шығар. Жыл сайын 30 мың техника импорттауымыз ықтимал.

Көрмедегі көп орынды Қытайдың кәсіпорындары алып жатты. Өздері шығаратын автокөліктерге қажетті ұсақ-түйектің бәрін әкеліпті. Айтпақшы, экспозиция алаңында үй жинап, еден жууға арналған техникалар да болды. Бірақ, оған қызығушылар аз көрінді.Іс-шара ертең де жалғасын табады.  

Д. Қайыртай