Негізгі / Жаңалықтар / «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы жарты жылдан бері іске аспай келеді-Н. Нығматулин

«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы жарты жылдан бері іске аспай келеді-Н. Нығматулин

Елбасы тапсырмасымен жарты жыл бұрын басталған «Ауыл - ел бесігі» жобасы әлі іске аспаған. Бүгін Мәжілісте Нұрлан Нығматулин бағдарламаға жауапты Ұлттық Экономика министрлігін сынға алды. Шалғай мекендердің тұрмысын тіктеуге бюджеттен 90 млрд теңге бөлінген. Бұл ақша жол құрылысы мен ауыз сумен қамтуға қаралған 260 млрд теңгеден бөлек қарастырылған. Бірақ, бағдарлама былтыр күзден бері жүзеге аспай, тоқтап тұр.  

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Қаражат бөлінді. 3 жылдық бюджет осы жерде бекітілген. Үкімет заңға тәуелді актілерді қабылдады. Ақша бар, әкімдер, аймақтар дайын. Мәселе неде? Сіздер қағаздарды бекіту үшін бір мемлекеттік органнан басқасына жарты жыл тасисыздар. Түсінесіздер ме? Біз ауылдардағы инфрақұрылымды тиісті деңгейге көтеріп, жақсартуымыз керек. Бұл бағдарлама сол үшін жасалған.

Бұдан бөлек, елдегі шаруаларға 3 жыл бойы 255 млрд теңгенің субсидиясы берілмей келгені анықталды. Мәселен, құс шаруашылығына биыл небары 20,7 млрд теңге қаралған. Ол қаржының өзі Алматы және Шығыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе, Қарағандыда толық төленбей келген. Қаржы министрлігі бұл мәселеге қысқа мерзімді мемлекеттік бағдарламалар мен республикалық бюджеттен ішінара қаржыландыру себеп, дейді. 

Татьяна САВЕЛЬЕВА, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Бұған дейін қаражат тек жергілікті бюджеттерден бөлініп келді. Мысалы, аймақтарда 2014-2016 жылдары 60 миллиардқа жуық ақша мал шаруашылығына қарастырылған. Ал қосымша қаржы республикалық бюджеттен түсіп, жергілікті бюджеттерге көшкеннен кейін, өңірлер бөлетін қаржы күрт азайды. 57 миллиардтан 30 миллиард теңгеге дейін.

А. Бектас