Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Өрімдей жігіттердің артында кішкентай балалары қалды. Әскери тікұшақ апатына орай

AstanaTV
30.03.2019ж. 20:00
5199
Өрімдей жігіттердің артында кішкентай балалары қалды. Әскери тікұшақ апатына орай

Қызылорда облысында болған әскери тікұшақ апаты туралы бірер сөз. Жалағаш ауданының аумағында МИ-8 әскери тікұшағы апатқа ұшырап, борттағы 13 адам түгел опат болды. Тікұшақ «Алтын жебе» атты арнайы бөлімдердің оқу-жаттығуы аясында Ақтаудан Шымкентке аттанған... Сол жерге жеткен құтқарушылар дәрменсіз күй кешкендерін айтады. Қорғаныс министрлігі мән-жай анықталғанша МИ-8 тікұшақтарына көкке көтерілуге тыйым салды.  

29 жастағы Сырым Мәсәлім Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының тумасы. Әкесі Мәлкейдің сөзінше, ол бала кезінен әскери болуды армандапты. Мектеп бітірген соң, Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтына оқуға түседі. Кейін Ақтаудағы әскери бөлімге қызметке орналасқан. Сонда үйленіп, отбасын құрады. 

Мәлкей ИМАНҒАЛИЕВ, СЫРЫМ МӘСӘЛІМНЫҢ ӘКЕСІ:

Сағат екі жарымда маған звондады өзі: «Қызылордаға келдім, жақсы, папа, біз кетіп бара жатырмыз»,-деді. Екі жарымдарда звондады, мамасына төрттерде звондады: «Ұшып бара жатырмыз»,- деп. Содан кейін түнде Атыраудан келін звондады: «Осындай жағдай болып қалды»,-деп. Жоқ деуге әлі сенбей отырмын...

Соңғы 3 жылда осы апатқа дейін елімізде 2 тікұшақ апаты тіркелді. 2017 жылы Аягөзде бір адам көз жұмды. 2019 жылды қаңтар айында Алматы қаласында жекеменшік тікұшақ құлап салдарынан ұшқыш опат болған еді. Көршілес Ресейде МИ-8 соңғы 4 жылда 12 рет құлап, 82 адам қаза тапқан. Оның сегізі техникалық ақау, екеуі ауа-райы қолайсыздығы, тағы екеуі экипаж мүшелерінің қателігінен болған.  

Журналистер авиация генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаевтан пікірін сұрағанда, бүйдеген:

ТАЛҒАТ МҰСАБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Мен ұшқыш ретінде айтайын, бұл өте ауыр жағдай. Төтенше жағдай кезінде ұшақты басқару қалай қиын екенін білемін. Экипаж қолдан келгенін істеген шығар, техниканың аты - техника. Мұндайда жағдайда бәрі экипажға ғана байланысты емес.

Әуе апатының себеп-салдарын тергеп-тексеру жұмыстары басталып, қылмыстық іс қозғалды.  

Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Болашақта осындай оқиғаларға жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. ҚМ-ның ұжымы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көніл айтады.

Қорғаныс министрлігінің өкілі арнамыздың тілшілеріне берген сұхбатында қаза тапқандардың отбасына жалпы 110 млн теңге көлемінде материалдық көмек берілетінін айтты.   

Төлеген ҚҰСМАНОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Біз қазір тек қана төленетін материалдық көмекті ғана есептеп жатырмыз, шамамен 110 млн-дай қаражат жұмсалады. Әрбір отбасына олардың лауазымына байланысты 5 млннан 14 млнға дейін қаражат төленетін болады.

«Ол ақкөңіл, жұмысына өте жауапты жан еді».... Опат болған 13 әскеридің бірі - борт технигі, майор Тимур Құдайбердиевтің қайын енесі осындай пікірде. Нәбәрі 33 жастағы Тимур Алматы облысы Есік қаласының тумасы. Артында өрімдей екі баласы және көз жасын тыя алмаған жары қалды.

Әсем ДОСЫМБЕКОВА, ТИМУР ҚҰДАЙБЕРДИЕВТІҢ ЖАРЫ:

Ақкөңіл жан еді. Бәрін істейтін. Күнім менің... Өте жақсы әке болатын. Бәрімізді қарап жүретін.

Баласының үлкені 6-ға толса, кішісі 3 жаста. Өзі жетім болғандықтан бүгінде оның өлімін қайын жұрты жоқтап отыр. Талғар ауданындағы Кеңдала ауылындағы шаңырақ қара жамылған. Екінші анасындай болған Сәуле Жапашова күйеу баласының тек жақсы мінезді ғана емес, екі шаңырақтың да қамқоршысы болғанын айтып берді. Ең өкінішістісі - жұмысқа жауапты, отбасына адал болған азаматтың әлі күнге жеке баспанасы болмаған екен. Сондықтан Сәуле апай артында қалған жары мен балаларына бір баспана берілсе екен деп армандайды.

Сәуле ЖАПАШОВА, ТИМУР ҚҰДАЙБЕРДИЕВТІҢ ҚАЙЫН ЕНЕСІ:

Өзінің семьясын да, бізді де сондай құрметтеп «мама», «папа» деп жаны қалмайтын. Сондай бала болатын. Қызымды қолына ұстап, аққудай қып бағып сөйтіп жүретін бала болған. Кімнен сұраса да, бәрі айтады, сондай ақкөңіл, ответственный болатын. "Кешке дейін сені неге жібере береді?"- десек, күлетін: «Ой, мама, мен сондай жауаптымын»,-деп. Осыларға баспана болса дейміз. Бар арманым сол.

Жәнібек ЖҰМАШЕВ, АҚТАУ ҚАЛАЛЫҚ № 30153 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ КОМАНДИРІ:

Ауа райы сол кезде ұшуға қолайлы болды, әрі экипаж да тәжірбиелі болғасын, апат себебін тап басып айту қиын. Әрі ұшудың екі кезеңі сол күні өткізілді. Бортта құтқару құралдары болды. Экипаж тікұшақты апатты жағдайда тастап шығатын штаттық құтқару жүйесін де пайдалана алатын еді. Бірақ олардың борттан шықпауына не себеп болғанын білмеймін.

Әскери тікұшақтың құлауы – қорғаушылардың бейбіт күнде дәрменсіз күйге түсуі, әрине, «бұл қалай?» деген сұрақ қойғызады. Техникалық ақау туралы көбірек айтып жатыр. Дегенмен нақты дәйексіз бірнәрсе деуге болмас. Оның үстіне қайғыға батқан 13 отбасына құрметпен қарау - парыз. National Geographic телеарнасы авиакатастрофаларды зерттеуге арналған циклді деректі фильмдер көрсетеді. Апаттың себебін анықтау өте күрделі процесс. Кейде бір емес, бірнеше себептің қосындысынан болады.