Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Аутизмге шалдыққан балалар саны жыл сайын 13%-ға артады - Д. Ажмолдаев

AstanaTV
02.04.2019ж. 20:00
3447
Аутизмге шалдыққан балалар саны жыл сайын 13%-ға артады - Д. Ажмолдаев

Әлемде аутизмге шалдыққан балалар саны жыл сайын 13%-ға артып барады. Елде 2000 бала тіркеуде тұрса, бейресми ақпарат бойынша олардың саны 5000-ға жуық. Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күніне орай бүгін бірқатар өңірде арнайы шаралар ұйымдастырылды. 

Нұрым Нарынбайдың аутизмге шалдыққанын дәрігер кеш анықтаған. Қазір бүлдіршін 7 жаста. Әліппені 3 жасында ашқан бала әлем елдерінің астанасын да жатқа айтады.

Столица Испании?

-Мадрид.

-Столица Индонезии?

- Джакарта.

- Столица Австалии?

- Канберра

Нұрымның бойындағы ерекшелікті байқаған анасы невропатологқа барған. Бірақ, ақ халаттылар мұны ауру емес, өздігінен жазылатын уақытша құбылыс деп атаған. Сөйтіп 5 жыл өткенде баланың аутизмге шалдыққанын анықталады. Қазір ол қаладағы орта мектепте оқиды.  

Меруерт КӨШЕНОВА, НҰРЫМНЫҢ АНАСЫ: 

Оқу жағынан жақсы көрсеткіштер көрсетіп отыр. Тек қана бізге қоғамды қабылдауы мен қоғаммен қарым-қатынасы ғана жетіспей тұр.

Бүгін Меруертпен бірге 100-ден аса отбасы спорттық сайысқа қатысты. Ал «Дарын» орталығы балаларға арнап мерекелік шара өткізді. 4 жыл бұрын ашылған мекеме жылына 50-ге жуық балаға инклюзивті білім береді. Қазір 15 бүлдіршінді оқытып жатыр.  

Дархан АЖМОЛДАЕВ, ОРТАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ: 

Өзімен қатарлы балалармен қатынаспаса, ойнамаса, сұрақтарға жауап бермесе, ондай кезде мамандарға қаралу керек. Ата-ана 2 жасқа дейін білетін болса, сол кезде өте оңай баланы оңалту.

Ал, Алматыда әртүрлі жастағы 300-дей бала қолға үйретілген жануарлармен ойнап, шеберлік сағатына қатысты. Дамуында писхикалық аутқуы бар бүлдішіндерге мереке сыйлауға себепші болған ұйымдастырушылардың бірі Жанат Қаратай аутист балалардың көбейіп жатқанына алаңдаулы.   

Жанат ҚАРАТАЙ, «PIONEER CONCEPT» ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:  

Мен өзім сондай баланың анасы ретінде дамуында зақымы бар балалар жағдайын жақсы түсінемін. Әрі сол бүлдіршіндерді қоғамнан тыс қалдырмау үшін осындай игі бастаманы 2009-шы жылдан бері ұйымдастырып келемін.  

Аутизммен ауыратын азаматтарға елімізде ерекше көңіл бөлінген. Соның бірі «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы. Осы арқылы мұндай адамдар түрлі қолдауға ие болып жатыр. Бірі керекті білім алса, енді бірі тұрақты жұмысқа орналасқан. Биыл бұған Алматы бюджетінен 4 млрд теңге бөлінді. Ал ерекше балаларға қолдау танытқан ҮЕҰ-дарға бүгін ел Президент ризашылығын білдірді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев твиттердегі парақшасында жазды.  

«2 сәуір - Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпаратты тарату күні. Мұндай балалардың біздің қоғамға толықтай бейімделуіне көңіл бөлу аса қажет. Олардың арасында қабілетті балалар көп. Осы бағытта елімізде жұмыс істеп жатқан ҮЕҰ ризамын. Оларды қолдауды жалғастыра береміз». 

Ал, Өскемендегі Ана мен бала орталығынан аутист балаларға арналған медициналық кабинет ашылмақ. Мұнда ата-ана дәрігер кеңесін алып, баласына ем қабылдауына мүмкіндік алады.  

А. Бектас