Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Біздің уақыттың коммуникациясы, біздің уақыттың жанры

AstanaTV
06.04.2019ж. 20:00
4532
Біздің уақыттың коммуникациясы, біздің уақыттың жанры

Досжан есімді бала Өскемендегі өзі тұратын үйдің ауласын түсіріп, қала әкіміне жіберген. Міне, мынадай ролик: 

Тозығы жеткен аула, ескі-құсқы қондырғылар

«Тенгриньюс» порталы қала әкімінің сол аулаға барғанын жазды. Досжан Дулатұлына рақмет айтып, басқаларға үлгі көрсеттің, депті. Қалада мың шақты аула бар, көбінің жөнделмегеніне 40 жылдай болған. Мәселені шешу үшін «Менің аулам» деген бағдарлама қолға алынғанын жеткізген. Ал Досжан тұратын үйдің пәтер иелері кооперативі өтінішті дұрыс толтырмай жібергенін, содан тізімге енбей қалғанын айтқан. Дегенмен Досжанның меселін қайтармау үшін бюджеттің үнемделген қаржысынан ауланы жөндеуге уәде етіпті. Жаңа заманның коммуникациясы деген сол. Бір аптадай болды, фейсбуктің қарапайым қолданушылары «әкімдер достық ұсынып жатыр, қабылдасам ба, жоқ па», деп әзілдеп бастаған. Біздің уақыттың тағы бір жаңа жанры – вайн. Күнделікті тұрмысты бейнелейтін әзіл видео. Оны түсірушілер – вайнерлердің қаптағанын көрсе, ағайынды жазушылар, небір шытырман оқиғалы киносценарийлердің авторлары Аркадий мен Георгий Вайнерлер «мәссаған» дейтін шығар. Олардың әйгілі «Минотаврға сапар» шығармасы «өтпейді» қазір... «Вайнерлер үлкен жиналыстарға шақырылады... Айқайла, айқайлама, күл, күлме – енгені енген». Бұл Есен Елеукеннің пікірі. Ал Асқар Наймантаев былай дейді: «Ол жерде сатира жоқ, өнер әжуа, мазаққа айналып барады, ең қорқыныштысы - сол». Ришат Асқарбекұлының материалы.         

Вайнер деген кім?! Бұл сөз жастар ғана емес, әлеуметтік желілерде отыратын жасына да, жасамысына да етене таныс. Парламент депутаттары тіпті олармен санасады екен - жиындарына шақырып бастады. Жақында Мейіржан есімді вайнер Сенат мінберінде сөз сөйлеп, кино саласын сынаған болатын.  

Есен ЕЛЕУКЕН, «ЖАЙДАРМАН» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Былтырдан бастап үлкен жиындарда, форумдарда вайнерлермен санаса бастады. Вайнерлер жиналысқа келетін болды. Көбіне адамның тұрмысындағы күнделікті дүниелермен шығып жүр. Сатираға мүлдем жатпайды. Адамдар қазір жеңілдеу нәрсеге қарайды. Бұл арқылы кәсіп жасап жатқандары қаншама, ішінде дұрыстары да бар. 

Әсіресе «Инстаграм» желісі вайн-бейнероликтеріне толы. Қысқа бейне түсірілімдерді миллиондаған адам тамашалайды, мыңдаған адам пікір қалдырады. Мына жас жігіттер шындықты әзілмен жеткізуде мақтамен бауыздағандай болмасақ та, көптің көңілінен орын алдық деп санайды. Жүктеген роликтерін аз уақытта 3 млн адамға дейін тамашалайды. Басты мақсаттары ақша табу екенін де жоққа шығармайды.    

Kortop.tv ВАЙНЕРЛЕР ТОБЫ:

Қаржы тауып, қазіргідей жағдайға жетіп кетеміз деп еш ойламаппыз. Бірақ Аллаға шүкір, осындай жұмыспен ақша табуға болатынын білген кезде, одан сайын шабыттанасаңы. Өйткені бұл жұмыс ақша беріп отыр. Басында бұған біз хобби ретінде қарадық. Қазір жұмыс ретінде қараймыз. Бір жағынан халыққа ұтымды бір жағынан әзіл сыйлап отырмыз, сосын тиер пайда болған соң жұмыс жасап жатырмыз. 

Әзіл мен пародияны бизнеске айналдырған жастарға қазіргі тілмен айтқанда «респект» деуге болады. Бірақ мәселенің екінші қыры бар. Вайн тақырыптары актуальды, әрі өмірдегі қызықты жағдайларды арқау еткенімен, оны салмақты сатирамен шатастыруға болмайды дейді, белігілі өнер қайраткері Асқар Наймантаев.  

Асқар НАЙМАНТАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Кемшілік не? Қазір әжуә, мазақ өнерге айналып барады. Ең қорқыныштысы сол. Ол өнер емес, ол кемсіту. Біреудің намысына тию, сол дүние етек алып бара жатқан сияқты, себебі жұрт соған күледі, мәз болады.  

Есен ЕЛЕУКЕН, «ЖАЙДАРМАН» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Айқайла, айқайлама, бұл енді болды. Әлеуметтік желі пайда болғаннан кейін ешкімді ұстай алмайсың қазір.

Орыстың КВН-ының қазақы нұсқасын «Жайдарман» деп атап, телевизиялық әзіл кештерін ұйымдастырып жүрген Есен Елеукен вайн жасаушыларды жоққа шығара алмайтынын айтады. Қазіргі әзіл сұранысқа бағынышты екенін ескертеді. Заманының мұңын цензураға қарамастан қуақы тіл, астарлы әзіл, орамды ойлармен жеткізген «Тамаша» театры тарих сахнасында ғана қалды.

Есен Елеукен, «ЖАЙДАРМАН» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ішінде Жайдарманнан, КВН-нан шыққандар бар. Неге оларға тоқтам салмайсың дейтіндер болады. Енді бұл олардың жеке шаруасы. бірақ ақыл кеңесімді айтамыз. Өзі ішінде жүйеленіп қалған вайнерлер де бар. Кейбіреуі қалай болса солай. Бірақ ең бастысы сұраныс болып тұр ғой. Сұранысы болған соң, қажеттілік болған соң олар жасайды. Егер ол болмаса шықпас еді ғой. 

Кейде роликтерді топтасып емес, жеке түсіріп-ақ пайда табатын вайнерлер бар. Мысалы, мына Нұрлан Батыров «ессіз әйел» бейнесіндегі бейнежазбалары арқылы 500 мың жазылушы жинап алған. Сол сияқты 8 сынып оқушысы Аружан «YOUTUBE» хостингінде әсіресе балалар арасында ерекше танымал. Миллиондаған бала қызыға қарайтын «Аминка Витаминка» сияқты емес, Аружанның көремендері қазақ тілді балалар мен жасөспірімдер. Оның «Арзан және қымбат» деген ролигі 400 мың көрілім жинаған.  

Аружан, "ARUKA MIX" YOUTUBE АРНАСЫНЫҢ ИЕСІ:

Қызықтыру үшін қазір трендтағы видеоларда түсіруге тырысамыз. Сол кезде көрермен де көп көреді, сапасы да жақсарады. Бұрын тек бір тақырыппен шектелетінмін, қазір әзілдеп, достарыммен бірге жасөспірімдердің өмірі туралы түсіремін.  

Элеонора ДИХАНБАЕВА, АРУЖАННЫҢ АНАСЫ:

Әрине, тақырып таңдауға көмектесемін. Өйткені өзіміздің қазақ-ұл қыздарына жағымды тақырыптарды таңдаймыз. Тек қазақ тілінде. Аружан өнер мектебін бітіргендіктен, оның әдеби тілдік қоры өте бай. Сондықтан ол ұл-қыздарға үлгі болатындай, қалжыңы болса да үлгілі болатын тақырыптар таңдаймыз. 

Контенті қазақ ұл-қыздарынан ғана тұратын Аружанға Калифорниядан қоңырау шалыпты. Ол енді әйгілі «YOUTUBE» бейне хостингінің ресми әріптесі. Себебі тіркелушілері 80 мыңнан асқан. Тағы 20 мың адам жинаса, «күміс кнопкаға» ие болады. Бұл оның жарнамадан алатын түсімін де еселейді.   

Сонымен, әлеуметтік желілерде қалжың ең өтімді тренд болып тұр. Сол сияқты тауарын жарнамалайтындар үшін де әзіл мен сайқымазақ жанрының дәурені жүріп тұр дейді, Медет Жорабек. Қазақ жігіті инстаграмдағы жазылушысы көп парақшаларды сатып алуға тырысады. Оның негізі құрылыс саласында кәсібі бар. Тауарларын парақшаға вайнерлердің роликтерін салу арқылы жарнамалайды.      

Медет ЖОРАБЕК, ИНСТАГРАМ ПАРАҚШАСЫНЫҢ ИЕСІ:

Вайнерлерге 100 процент қызығушылық бар қазір. Өте көп көрілім жинайды. Сол себепті мен вайнерлерді таңдаймын. Бұл менің сатып алған бірінші парақшам емес. Сол арқылы өз жарнамаларымды жасаймын. Өзге біреуге ақша төлегенше парақшаны сатып алып, жарнама салған әлдеқайда тиімді. 

"Бәрі Батысты айта береді. Бірақ ол жақта менталитет пен мәдениет бөлек. Соны көшіріп әкеліп, қазаққа өнер сияқты ұсынуға бола ма?"-дейді Асқар Наймантаев. Халқымыздың ар-намысына кейде орынды айтылған әдемі әзіл де тиіп кетеді. Біреуге күлкі болған нәрсе, басқа біреуге түрпідей тиюі мүмкін. Юморға деген сезімталдық жоғары болатын. Сол сезім өліп барады, дейді сатирик. Асқар Наймантаевтың ойынша, сатираға немқұрайлы қарау – түптеп келгенде мемлекеттің идеологиясын, идеологиясын ғана емес, таған дүниелерін әлсіретеді...    

Асқар НАЙМАНТАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Әр заманның өзінің күлкісі өзінің сатирасы бар ғой. Қазіргі заманда да айтуға болмайтын дүние көп. Әзіл бұрын сонысымен қызық еді. Сатирада мынаны айтуға болмайтынды, басқа бір астармен жеткізетін. Былш етіп беттен тырнап алатын дүнені қазір эфирге бәрібір жібермейсің. Күндегі бастан кешкен дүниені сәл әзімен айтса, ойбай мынау шындықты айтып жатыр дейміз. Ол шындық емес. Ол сәл әзілге салынған күнделікті өмір тіршілігіміз. 

Есен ЕЛЕУКЕН, «ЖАЙДАРМАН» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Кезінде әзіл-сықақ театрлары қандай еді?! 15-20-сы өнер көрсететін. Қазір барлығы бірдей сұранысқа ие емес. Бағыттарын дамыту керек. Үлкендер жастарға ренжиді. Жастар үлкендерге ренжиді. Себебі әзілдің өзінің уақыты болады. Осыдан 20-30 жылғы «Тамашаға» бәріміз күлетін едік. Қазір біздің балалар мынаның қай жеріне күлесің деп айтады. Біз үшін ол сағынышпен еске алатын дүниелер. Ал үлкендер жастарға шолақ, әзіл тым қысқа, мынаның қай жеріне күлесің дейді. Бұрын 5-6 сағатта өтетін концертте ешкім отырмайды.  

 1.Қазіргі замандағы кемшіліктерді түзетуге лайықты болуы керек әзіл деген. Халықтың тұрмысына қарай.  

2.Қазір байқасаңыз көп зат арзан. Кино да ондай емес. Адамдар қарым қатынасы да арзан. Бұрынғыдай мағына жоқ.  

3. Бұрын цензура болатын. Қазір күлкіге айналып кетті. Бұрынғы Бауыржан шоу қандай етін. Етіңнен өтетін остроумный қалжыңдар еді. 

Әзіл-оспақ театрлары аз емес, бірақ олардың рейтингі төмендеп кетті. Мұны актерлер де мойындайды. Арзан күлкіге әуестік ізденіспен және актерлік шеберлікпен келетін комедиялық қойылымдардың сапасын төмендетті. Оның орнын концертке бармай-ақ ғаламтордан, телеарнадан және кинотеатрдан көре беретін туындылар алмастырды.    

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Қазір кино саласында даму бар. Бірақ көркемдік қыры туралы сөз айту артық. Қаржы тапқан ақшасын еселеу үшін кино түсіре береді. Айтпақшы, былтыр елімізде 50-ге жуық фильм прокатқа шыққан. Олардың 30-ы қыруар касса жинапты. Сол қаржы тапқан фильмдердің барлығы арзан, қылжағы көп және екі тілде аралас түсірілген екен. Біздің уақыттағы әзілге деген сұраныстың бір көрінісі осы.   

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»