Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезіне дайындық басталды

AstanaTV
12.04.2019ж. 20:00
3792
«Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезіне дайындық басталды

Өңірлерде «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезіне қызу дайындық басталды. Кешелі бері бастауыш партия ұйымдарының жиындары өтіп жатыр. Онда партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 18-съезде берген тапсырмаларын іске асыру барысы баяндалды.  

Бүгін 18-съездің ақтөбелік делегаттары «Ақбұлақ» ұжымымен кездесті. Бұл мекеме өңірде 1937 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын Ақтөбе қаласын және жақын елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етумен айналысады. Халыққа қызмет етуші ұжымда мың үш жүзге жуық адам қызмет етеді. Оның тең жартысы «Nur Otan» партиясы «Ақбұлақ» бастауыш партия ұйымының мүшесі. Жиында Елбасы міндеттеген «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл-ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобаларының іске асу барысы туралы айтылды.  

Майра ЖАРЖАНОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: 

Қазіргі таңда барлық бастауыш партия ұйымдарында Съездге қарқынды дайындық басталды. Барлық бастауыш партия ұйымдарында жиналыстар өтіп жатыр. «Ақбұлақ » БПҰ жиналыс өткіздік. Ұлттық жобалар «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы» жобалары туралы түсіндірме жұмыстар және қазіргі таңдағы жұмыстар туралы айтып өтіп кеттік. 

Қызылорда облысындағы «Магистралдық торап бөлімі» бастауыш партия ұйымы да қызметкерлеріне қамқорлық танытып келеді. Әрине, партияның төрт жобасының аясында. Ұйымның 229 мүшесі бар. Оның 69-ы көп балалы ата-ана екен. 9 теміржолшы мүгедек бала тәрбиелеп отыр. Партияның облыстық филиалының конференциясына баратын делегаттар теміржолшылардың әл-ауқатын көтеруге байланысты бірқатар ұсыныс әзірлеген екен. Қазірдің өзінде кәсіпорын қызметкерлеріне шипажайларға, ал олардың балаларына жазғы лагерлерге жолдама беріп келеді. 

Ажар ЕРМАНОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ «ТЕМІРЖОЛ» САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: 

Бірінші фактор - осы әлеуметтік жағдайлары әсер етеді жұмысшылардың. Соған байланысты біздің басшылық, кәсіподақ ұйымы бірлесе отырып және де біздің мынау теміржолдағы Nur Otan партиясының жыл көлемінде біз үлкен жоспарлар жасап, ұйымдастырамыз. Бізде кәсіподақ ұйымынан үлкен көмектер беріледі. Осы жыл көлемінде отыздан аса жұмысшыларға ақшалай сыйақылар берілді. Аз қамтылған отбасыларына үйлеріне барып азық корзинкаларын дайындадық. 

Ал, Өскемендегі ең ірі бастауыш партия ұйымдарының бірі «Ореол» деп аталады. Оған 122 адам тіркелген. Бұл ұйым қазір қаланың шеткері аймақтарына жанар-жағармай жеткізуге, көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуге, мүгедек жандарға жәрдем жасауға атсалысып келеді. 

Майраш ЕКІБАСОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ӨСКЕМЕН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бәріміз «Nur Otan» партиясының съезін күтіп отырмыз. Онда ел президенттігіне үміткер таңдалады. Бұл аса маңызды әрі жауапты шаруа.  

Енді бастауыш партия ұйымдарының делегаттары келесі аптада өз өңірлерінде өтетін партия филиалдарының конференциясында бас қосады. Онда олар партияның кезектен тыс съезіне аттанатын өкілдерін сайлайды. 

Д. Қайыртай