Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Алматыда қала ішіндегі жолдарды жөндеуге қыруар қаржы бөлінді

AstanaTV
19.04.2019ж. 20:00
3201
Алматыда қала ішіндегі жолдарды жөндеуге қыруар қаржы бөлінді

Алматыда биыл қала ішіндегі жолдарды жөндеуге 8 млрд. теңге қарастырылған. Жол жөндеушілер қыруар қаражатты 15 сәуір мен 20 тамыз аралығында толық игеруі тиіс. Жыл сайын қомақты қаржы бөлінгенімен, жолдардың сапасына көңілі толмайтын тұрғындар саны да азаяр емес. Тақырыпты тілші сабақтайды.  

Максимов көшесі қаланың ең көрікті жерлерінің бірінде орналасқан. Алайда, бұл жерге әлі күнге кәріз желісі тартылмаған. Ал, ауыз су Кеңес заманынан қалған құбырмен келеді. Жергілікті билік кәріз тартып, су құбырын жаңалаймыз деп екі жыл бұрын жолды қазып тастаған.  

Мария ШАТСКИХ, ТҰРҒЫН: 

Бұл жердегі құрылыс жұмыстары 2017 жылы желтоқсан айында аяқталған. Сол кезде тездетіп асфальтпен жамады да кетіп қалды. Келесі жазда қайтадан келіп, қазды да тағы құбыр жүргізді. Міне, биыл екінші жаз жақындады, сол шала жасалған жұмыстарына қайтып оралмады. Не су берген жоқ, не кәріз желісі қосылмады.

Мұндай фактілер қалада жүздеп саналады. Медеу ауданындағы «Думан» шағын ауданында екі жылдан бері жүріп жатқан инженерлік желілерді ауыстыру жұмыстары биыл да қара күзге дейін жалғаспақ. Нөсерден соң ой-шұңқырға айналған 25 көшеге тақтайдай жол салу тек келесі жылға қалып отыр.     

Алматыда басталған жол жөндеу маусымы 20 тамызға дейін жоспарланған. Биыл 121 көше жөнделеді. Ол шамамен 111 шақырым аумақ. Бұл мақсатқа 8 млрд. 100 млн. теңге қарастырылып отыр. Өткен бір аптада 20 көше жамалыпты.

Нұрзат ОРДАБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МОБИЛЬДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Келіп түскен арыз-шағымдар қараусыз қалмайды. Әсіресе әлеуметтік желілердегі шағымдар бойынша дер кезінде жауап қатамыз. Ойылып қалған жерге бригада жөнелтіледі.

Қаланың мобильдік басқармасы 14 шағын ауданда жол құрылысының басталғанын айтады. Негізгі жұмыс Алатау мен Наурызбай аудандарына бағытталған. Жол жабындысын биыл ауыстыру Шаңырақ, Ұлжан, Алғабас, Көкқайнар және Қарасу шағын аудандарында жүреді. Шаһарда жыл сайын жол жабындысына миллиардтаған қаржы жұмсалғанымен, сарапшылардың оның сапасына көңілдері толмайды.

Әрсен ШАКУОВ, АВТОМОБИЛЬ САРАПШЫСЫ:

Еуропада жол жасаудың тәсілі бізге келмей, ақша құмға сіңген судай кете береді. Технология сақталмағандықтан жол тез бүлінеді. Оның үстіне қаржыны тиімді жұмсау, жұмыс сапасы мемлекеттік тарапынан бақыланбай отыр. Бұл жол қауіпсіздігіне кері әсер етіп, адам өліміне соқтырып жатыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Сондай-ақ, биыл жыл соңына дейін қалада 3 жол айырығы пайдалануға берілмек. Олар қалаға Құлжа тас жолынан кіретін қақпада, Емцов пен Рысқұлов даңғылы және Сейфуллин мен Жансүгіров көшелерін жалғайды. Аталған жол айырықтарына бюджеттен 35 млрд. теңге жұмсалып жатыр.

Р. Асқарбекұлы