Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ақтөбеде бір ай бұрын ғана ашылған зауыт жабылғалы жатыр

AstanaTV
19.04.2019ж. 20:00
4915
Ақтөбеде бір ай бұрын ғана ашылған зауыт жабылғалы жатыр

Ақтөбеде бір ай бұрын ғана іске қосылған зауыт жабылғалы жатыр. Алпыстан астам адамның мамыр айынан бастап жұмыссыз қалатындары ескертілген. Құрылысқа қажетті кірпіш шығаратын кәсіпорын бір аптадан бері өз жұмысын тоқтатқан. Оған не себеп ? Бақыт Рахметова анықтады.   

Бұл зауыт осыдан бір ай бұрын ашылған. Инвесторлар үш миллиардтан астам қаржы салып, зауыттың жұмысын жандандырып, жабдығын алып, қызметкерлерін оқытыпты. Жетпіс бес адамға жұмыс берген. Енді жоспар аяқ асты өзгерген.  

Айдос ЖҮСІПБЕКОВ, ЗАУЫТ ЖҰМЫСШЫСЫ: 

Кеше зауыттан 3 мамыр күні жұмыстан шығасың, ешқандай себепсіз жұмыстан шығасын деген қаулы шығарды. Мұның барлық себебін сұрастырдық. Бар себебі шикізат жоқ. Бар шикізатты зауытқа жібермей тұр темір жолдан. Соған байланысты Жастар жылы деп жастарды жұмысқа алды нан тауып отырмыз осы жерден. Жастар, үлкендер бар. Енді бір күнде жұмыстан шығайын деп тұрмыз.

Ералы МҰСТАФИН, ЗАУЫТ ЖҰМЫСШЫСЫ: 

Немере де бар, Балалар бар. Барлығы бар. Мені жұмыстан шығарып жіберсе кім төлейді ? Кім асырайды балаларды ? Бір адамды бүкіл ел болып шеше алмай отыр.

Бұл мекеме зауытқа шикізатты шетелден тасиды. Ал, шикізат жеткізілетін темір жол жеке мекемеге қарайды екен. Ол компаниямен бір шақырымға 1056 теңге төлейтін болып келісіп, келісім-шарт жасалған. Десе де, кәсіпорын иелері олар шикізатты өткізбей отырғанын айтады.  

Александр ЛУКИЕНКО, «ТД ФОТОН» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:  

Әу бастан бізден олар зауыт жұмысын бастау үшін 100 мың АҚШ долларын сұрады сол келісімшартқа бонус ретінде. Сол жерде қала әкімі де болды. Олар өздерінің айтқандары миға қонымсыз, заңсыз екенін түсініп, қосымша ақша алмайтын болды. Бірақ, барлығы басқаша болып шықты.

Ал, темір жолға иелік ететін монополист бұл жағдайды басқаша түсіндірді. Олардың айтуынша кәсіпорын келісім- шартпен белгіленген міндеттерді орындамаған. 

Әсел АЙЖАРЫҚОВА, «АК РУНО» ЖШС ҚАРЖЫ ДИРЕКТОРЫ: 

«Фотон ТД» ЖШС жасалған келісім шарт негізінде оның 2.9 бөлімінде вагондардың саны бір жолғы рұқсат қағазбен расталуы тиіс деген бөлік бар. Соған сәйкес біз ол мекемеден бір жолғы рұқсат қағаз сұрадық. Олар оны әкелмей отыр.

Осы жағдайға қатысты мемлекеттік органдар тексеріс бастаған. Шенділер вагондардың темір жолдан өте алмай тұрғанын растап отыр.     

Нұрлан БОЛАТБАЕВ, ҚР ҰЭМ ТМР, БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

«Фотон» ЖШС Біздің департаментке өз өтінішін жолдады. Өтініш негізінде тексеріс жүріп жатыр. «Ак руно» ЖШС табиғи монополиялар субъектісі болып табылады. Яғни, олар вагондарды өткізбеуге құқылы емес. Сондықтан, тексеру нәтижесі бойынша жібермеу фактісі анықталған жағдайда заңнамаға сәйкес табиғи монополия субъектісі әкімшілік жазаға тартылатын болады.

Мәселе осы тексеруден кейін шешілмек. Монополист кінәсі анықталса, миллион теңгеге дейін айыппұл салынбақ.  

Б. Рахметова