Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Тойдан той... «Малынған» мектеп бітіру кештері

AstanaTV
20.04.2019ж. 20:00
5680
Тойдан той... «Малынған» мектеп бітіру кештері

Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова мектеп бітіру кештеріне байланысты пікірін білдірді: "Кештер біздің ата-аналарымыз өткізген форматта өтуі керек. Сонда нағыз мектеппен қоштасу болады".

Бірақ мұны тыңдай қояр ма екен? Біздің уақытта кеш өткізуге баладан бұрын жүгіретін ата-аналар шыққан. Бір көйлегіңіз не, екі көйлектен алып. Лимузин жалдап. Несіне санамалаймын, бәріңіз білесіздер, бірнеше жүз мыңдаған теңгеге жететін ақша жинау процесін. Ал сондай «малынған» кештерде мағына бар ма? Ақерке Бектас жалғастырады.  

Аста-төк дастарқан, қымбат шоу, бағалы көйлектер мен отшашу. Мектеппен қоштасу кеші емес, құдды бір ұлан-асыр үйлену тойы дерсіз. 1 айдан кейін сол көл-көсір кештер қайта басталады. Елордадағы 53-ші мектеп-лицей директоры даңғаза кештен ата-аналар биыл да бас тартпай отыр, дейді. Қалтаға салмақ салса да, басқадан қалмақ емес. Биыл Зәмзәгүл Қиянова басқаратын мектепті 130-дан аса оқушы аяқтайды.Білім және ғылым министрі мектеппен қоштасуды тек мектепте өткізу қажет дегенмен, түлектер кеші биыл да мейрамханада тойланбақ.

Зәмзәгүл ҚИЯНОВА, №53 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ ДИРЕКТОРЫ:

Балалар балдың болғанын қалайды. Өйткені олар осы уақытқа дейін соны көріп отыр. Жылда мектеп бітіру кештері өтіп жатады. Оны суретке салып жатады. Соны көргеннен кейін олар ойлайды, қызығады.

Мейрамханалардың құны да шарықтап тұр. Соған қарамастан, маусымда салтанат сарайларының босын таппайсыз. Бағасы 1 адамға орташа есеппен 25 мың теңгеден басталады. Ал ата-ана баласымен ілесіп келсе, бір отбасы мейрамхананың өзіне 75 мыңнан аса қаражат жұмсайды.

Баянды САХАРИЯ, ТОЙ ҰЙЫМДАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

200-300 орындық мейрамханадағы тапсырыстар көбіне түседі. Өйткені 1 мектептен бірнеше 11 сынып бітіреді. Оның тек қана оқушылары емес ата-аналары болады. Солардың барлығын қосқан кезде мектептің ұстаздары да бар. Қызыл кілеммен өтеді ол міндетті түрде. Ортаға келеді. Бәрі Голливуд жұлдызы сияқты фотоға түсіп, сөйтіп ерекшеленіп жатады. Фантазиялары жетіп, қаржыларының барған жеріне дейін сондай дүниелер жасалып жатады.

Баянды Сахария бүгінгі түлектердің талабы да басқаша екенін айтады. Дәстүрлі асабаны емес, екі тілде еркін жүргізетін шоумендерді шақырады, дейді. Сөйтіп мектеппен қоштасу кешін ұйымдастырудың жалпы құны 1,5-2 миллион теңгеге дейін жетеді.

Баянды САХАРИЯ, ТОЙ ҰЙЫМДАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Оның кортежі бар, міндетті түрде лимузин жалдайды. Тек қана шоуменмен жектелмейді ғой. Оның шоу бағдарламалары бар. Мүмкіндіктері барлар жұлдызды шақырғысы келеді. Эстрада жұлдыздары келіп, баласын мектеп бітіруімен құттықтап кеткенін қалайды.

Ал мектеп бітіруші бикештер кешке киетін көйлекті қаңтарда таңдап қояды екен. Соңғы сән үлгісімен тігіліп, бағалы тастармен көмкерілген көйлектің құны да бағалы. 1 күнге жалға алу 35 мыңнан басталса, дизайнерлік киімдері бар кейбір дүкендерде 100 мың теңгеге дейін жетеді. Ал сатып алу 2 есе қымбат. Тіпті қазір қоштасу кешіне бір емес екі көйлектен алатын арулардың қатары көбейген. Еселеп кеткен шығынды есептей беріңіз...

Алуа БЕРІКҚЫЗЫ, КӨЙЛЕКТЕР САЛОНЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Биылғы қыздардың көбіне таңдауы балдық көйлектер. Дизайнерлік көйлектер қолдан тігілген, кез келген тасы, сапасы өте жақсы болады. 150 көйлекті 100 процент деп алсақ, соның 80 пайызы мектеп бітіру кешіне брондалған, ақшасы төленген. Брендке, қайдан әкелгенімізге, сапасына байланысты 60 мыңнан-150 мыңның көлемінде болады.

11 сынып оқушысы:

Қаладағы қымбат мейрамханалардың бірін жалдап отырмыз. Одан бөлек кортеж, лимузині бар екеуіне жоқ дегенде 80-90 мыңнан береміз. Кешке киетін көйлегіміз бар.

11 сынып оқушысы:

11 сыныпты сыныптастарым әдемі киініп жатқанда біз де әдемі киінгіміз келеді. Сондықтан ата-анамыз қолдау көрсетіп, неғұрлым әдемі киінумізді қолдайды.

Енді біз ысырап деп бағалайтын қып-қызыл шығынды есептеп көрейік. Алдымен мейрамханаға оқушы ата-анасымен 75 мың теңге төлейді. Түлектің киетін мерекелік көйлегі бар. Бұған қоса бетін әрлеп, шаш үлгісін жасауға да аз қаржы кетпейді. Сонымен ол 100 мыңның маңайы. Лимузин, шоумен, отшашу, бейнекамераға түсіру, естелік суреттер, тіпті жұлдызды әншілерді шақыратындар бар. Ұйымдастыруға 1,5-2 миллион теңгедей қаржы кетеді. Бір сыныпта 25 оқушы бар деп есептесек, бұған әрқайсысы 80 мыңнан төлейді. Демек 11 сыныпты бітірген бір түлек мектеппен қоштасу кешіне 255 мың теңгеден аса ақша жұмсайды. Біреу тойып секірсе, біреуі тоңып секіреді. Баласы басқадан кем болмасын дейтін кейбір ата-ана ақшасы жетпесе, несие алуға да дайын. 

Бижан ИГЕНБАЕВА, БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ:

Жоқ, мен келіспеймін оған. Ата-ана ойлану керек мен не үшін алып жатырмын оны, неге қарызға кіріп жатырмын? Оны қашан қайтарамын? Ал бұдан мен қандай нәтиже көремін?- деген сұрақ қойса, ол оған бармас еді. Өкінішке орай, оны әлі ойландырмастан науқанға айналған кешке бәріміз дайындалып жатырмыз, тіпті әртістерді шақыруы да мүмкін, ол тойға айналып кетіп отыр ғой. Дұрыс емес.

Білім беру саласында біраз жылдан бері еңбек етіп жүрген Бижан Игенбаева ата-ананың бұл әрекетін «мағынасыз бәсеке» деп атады. Баланың жеткен жетістігін жұмсайтын ақшамен емес, алған білімімен өлшеу қажет, дейді.

Бижан ИГЕНБАЕВА, БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ:

Ата-ана бұның шынымен де шығын, ысырап, дұрыс емес екенін біледі. Түсінеді. Сөйте тұра ол ана көршінің баласынан, басқаның баласынан қалып қалмасын, балам ренжіп қалмасын, өзін қатарынан кем деп ойламасын деп жүгіретіні бар. Шын мәнінде баласының басқа жағынан қалып тұрғанын, білім-білігі жағынан қалып тұрғанын ата-ана сезе бермейді. Бір аштықтың бір тоқтығы бар, бір бардың бір жоқтығы бар, дейді. Егер соны еске ұстайтын болса, ендеше ертең еңбек жолын бастайтын баласына да соны жеткізуі керек.

Сөзімізді 2 баласы да мектепте оқитын ата-ана құптай кетті. Гүлжан Абайқызы Оралда тұрады. Үлкен қызы 2 жылдан соң мектеп бітіреді. Ол уақытта қазіргідей ысырапшылдыққа жол бермеймін дейді. Бүгінде түлектер кеші тұрмақ, бастауыш сыныппен қоштасудың өзі ұлан-асыр тойға айналғанын айтады.

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ, АТА-АНА:

Көп қаржы жұмсауға тура келеді кейбір ата-аналарға. Жыл сайын айтылып жүр. Дегенмен де бұған әлі тоқтау-шек болмай жатыр. Қызым мектеп бітірер кезде дәо осындай даңғазалыққа жол бермеуге барынша тырысамын.

Кейбір мектеп басшылары түлектерден 11 жыл білім берген ұяға бағалы сыйлық табыс етуді сұрайтын көрінеді. Тіпті қазір ата-ана да ұстазға алғысын ақшалай сыйлықпен жеткізуге құмар.

Айгүл МҰҚАШЕВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫ ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мектеп басшылары ата-аналардан «менің мектебіме осындай сыйлы үлкен зат беріңдер деп» талап етуге ешқандай оның моральды құқы жоқ. «Ұстаз мәртебесі» туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Ол жерде де бәрі жазылған. Ешқандай материалдық жағынан ұстаз да ешнарсе алмауы керек. Ата-ана да ешнәрсе бермеуі керек. Себебі қаражат бөлініп жатыр.

Біздікілер "Еуропа стилінде" деп ойлап өткізетін қоштасу кештерін Еуропаның өзі бұлай өткізбейді. Батыс елдеріндегі мектеп бітіру кеші мектептің өзінде ұйымдастырылады. Түлектер ұстаздары мен ата-аналарын жинап, спектакль қойып, бар өнерлерін ортаға салады. Мың долларға шоумен жалдамайды. Қызықты өздері ұйымдастырады. Танымы терең, талғамы биік деп солай іс қылған жасты айтсақ керек. Ал біздің елде сол баяғы бекерге мал шашу тыйылмай тұр. Біздің уақытта санасын ізгілік іздеу емес, жылтыраққа жүгіріп, салтанат құру билеген адамдар да қаптап жүр...

Ақерке Бектас «Біздің уақыт».