Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Жамбыл облысындағы жантүршігерлік жол апатынан жарақат алғандар облыс орталығына жеткізілді

AstanaTV
22.04.2019ж. 20:00
2636
Жамбыл облысындағы жантүршігерлік жол апатынан жарақат алғандар облыс орталығына жеткізілді

Жамбыл облысындағы жантүршігерлік жол апатынан жарақат алғандар облыс орталығына жеткізілді. Олардың 5-нің жағдайын ақ халаттылар ауыр деп отыр. Науқастардың екеуі Өзбекстан, тағы біреуі Тәжікстан, қалған қос азамат қазақстандық. Тағы 4 науқас Қордай аудандық орталық ауруханасында жатыр. Олар кеше әскери госпитальдан аудандық ауруханаға ауыстырылған болатын. Өз еркімен тұрғылықты жеріне байланысты емделуге 9 адам Алматыға, 4 адам Шымкентке кетіпті. Сондай-ақ, Өзбекстан еліне 9 адам қайтарылған.  

Валия ДУССАЕВ, ТӘЖІКСТАН АЗАМАТЫ: 

Шырт ұйқыда жатқанбыз. Қатты соққыдан не болғанын білмей қалдық. Жанымда екі жолдасыммен үш адам Тәжікстаннан Алматыға жол тартқанбыз. Жеңіл жарақат алған жолдас балам елге қайтты. Ал, тағы бір отандасымның иығы сынып, осында жатыр. Жағдайын тұрақты деп отыр. Өзім құдай сақтап, жеңіл жарақат алдым.

Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ДЕСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Жамбыл облысы емдеу-сауықтыру мекемелерінде бүгінгі таңда 9 науқас жатыр. Оның төртеуі Қордай аудандық ауруханасында, төртеудің біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ол науқастың жағдайы ауыр, бірақ бірқалыпты. Қалалық ауруханада 5 науқас жатыр. Бүгін тағы жансақтауда жатқан екі науқас бөлімшеге ауыстырылды.

Айта кетейік, жол апаты сенбі күні түнгі төрттер шамасында «Алматы-Ташкент» тасжолында болды. Желдей жүйткіген «Toyotа Camry» өзімен бір бағытқа бет алған «Mersedes-Benz» жүк көлігінің артына кіріп кетеді. Оқиға орнында жеңіл көліктің жолаушысы опат болды. Сол сәтте Шымкенттен шығып, Алматыға бет алған жолаушылар автобусы апатқа ұшыраған көлікті айналып өтпек болып, аударылып кетті. Автобустағы 46 адамның 11-і көз жұмды. Апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. 

Д. Әлімқұл