Негізгі / Жаңалықтар / Жамбыл облысында жол апатын жасаған автобус жүргізушісі қамауға алынды

Жамбыл облысында жол апатын жасаған автобус жүргізушісі қамауға алынды

Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апатына кінәлі деген күдікке автобус жүргізушісі де ілікті. Ол екі айға тергеу абақтысына қамауға алынды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары айтты.  

Жарасқан АҚБЕРДИЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сол күні оның ҚР ҚК 345 бабы, 4-ші бөлігі бойынша іс-әрекеті сараланып, аудандық соттың қаулысы негізінде 2 ай мерзімге қамаққа алынды. Яғни, көлік құралын жүргізуші адамның «екі немесе одан көп адамның өліміне ұштасқан жол қағида ережелерін бұзғаны үшін». Егер оның іс-әрекеті сотта дәлелденсе, оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолдану мүмкін.

Еске салайық, жол апаты өткен сенбі күні түңгі төрттер шамасында «Алматы-Ташкент» тасжолында болды. Әуелі «Toyotа Camry» өзімен бір бағытқа бет алған «Mersedes-Benz» жүк көлігінің артына келіп соғылады. Салдарынан жеңіл көлікте отырған 30 жастағы келіншек оқиға орнында қаза болған. Сол сәтте Шымкенттен Алматыны бетке алған автобусы жол көлік оқиғасы болған жерді айналып өтпек болып аударылып кеткен. Оқыс оқиға кезінде 12 адам көз жұмды. Қазір жеңіл көлік жүргізушілеріне қатысты да тергеу жұмыстары жүріп жатыр.   

Д. Әлімқұл