Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Үш айда ел қазынасы шығындарынан 24 миллиард теңге үнемделді

AstanaTV
21.04.2016ж. 20:00
1195
Үш айда ел қазынасы шығындарынан 24 миллиард теңге үнемделді

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау заңы күшіне енген алғашқы үш айдың ішінде ел қазынасынан 24 миллиард теңге үнемделген. Бұл жөнінде Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясының отырысы барысында белгілі болды. 


Айта кетейік, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау заңы «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 93-ші қадамында атап көрсетілген. Өткен жылдың қараша айында қабылданған заңның тиімді тұстары көп. Маңызды құжат Есеп комитетінің бюджет қаражатының тиімді игерілуін бақылап отыруын барынша жеңілдеткен. Аталған комитеттің ақпараттық жүйесі, мемлекеттік органдардың салық-кедендік төлемдер жүйесіндегі деректерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда үш бірдей құзырлы министрлік, Бас прокуратура және тексеру комиссиялары да қазына қаражатын қатаң қадағалауға атсалысады. Соның арқасында комитет үш айда тек өңірлерге жасалатын іссапар шығындарынан 15 миллион теңге үнемдеді. Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин шығындарды оңтайландыру жұмыстың нәтижелілігін арттырады дейді. 

Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы:

Екі мемлекеттік аудиттің қорытындылары бойынша анықталған қаржылық бұзушылықтар 31,6 миллиард теңгені құрады. Одан 24 миллиард теңге бюджетке өтелді. Бұл есеп комитетінің ағымдағы жылдық бюджетінен 21 есе асып кетеді. 

Қолданыстағы заң сондай-ақ мемлекеттік сатып алулардың барысын 100 пайыз қадағалап отыруға мүмкіндік берді. Мәжілістегі Нұр Отан фракциясының мүшесі, депутат Нұртай Сабильянов, осы заңның арқасында квазимемлекеттік мекемелердегі қаржы қозғалысының да ашық бола түскенін, ерекше атады.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Осыған дейін квазимемлекеттік секторлардағы қаражатты тиімді пайдалану, олардың жұмсалуын, олардан қандай нәтиже шығып жатқанына бақылау жасауда заңды тетік болған жоқ. Ал қазір квазимемлекеттік сектор қаражатының тиімділігін анықтай аламыз. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ