Негізгі / Жаңалықтар / Шымкенттің судьялары қызметтік көліктен бас тартып, таксиге отырмақшы

Шымкенттің судьялары қызметтік көліктен бас тартып, таксиге отырмақшы

Шымкент қаласының судьялары қызметтік көліктерінен бас тартып жатыр. Олар дүйсенбіден бастап жұмысқа тек таксимен келіп кетеді. Бұл бюджеттік шығындарды екі есе үнемдеудің амалы екенін айтады. Олардың есебінше 18 автокөлікті жыл сайын жаңартып, жөндетіп тұруға, жанар май шығыны мен жүргізушілердің жалақысына орта есеппен 41 миллион теңге шамасында жұмсалады. Ал такси қызметіне көшу арқылы 20 млн теңге ұтатындарын жеткізді. Қазір қалалық соттың балансында 7 автокөлік бар. Оның бесеуі ескі. Негізгі қажеттілік 18 көлік екен. Сол себепті тағы 11 көлік жаңадан сатып алулары тиіс болған. Ал қызметтік көліктердің ендігі тағдырын арнайы мекеме шешеді, деді соттағылар.  

Нұрсұлтан БАЙТІЛЕСОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША СОТТАР ӘКІМШІСІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Мемлекеттік мүлік және привотизация бойынша департаментке біздің қолданыстан шыққан автоккөліктер берілетін болады. Олар қажеттілігіне қарай өздері, ол жағын біз шешпейміз, қайда қай бағытта мүмкін аукционға шығарып сатады ма, ол жағын біз шешпейміз. Біз Үкіметтің қаулысына қарай сол жақа береміз. Одан әрі қарай реализациясына солар жауап береді.

Судьялар такси қызметін жұмысқа келіп-кетуге және түскі үзіліске шығу кезінде қолдана алады. Бұдан бөлек қажеттілікке қарай екі рет шақырта алады. Тек оның бәрі арнайы бейнетаспа арқылы бақыланып отырмақшы. Қазір жұмыссыз қалатын жүргізушілердің де тағдыры шешіліп жатыр. Оларды жеңімпаз таксопарк басшысы жұмысқа шақырғанын айтты. Такси қызметі судьяларға баға жеңілдігі болмайтынын айтты.   

Бахрам БАДАЛОВ, ТАКСИ ПАРКІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Қаланың іші болса 500 теңгеден. Қаланың сыртына шығатын болса, қанша жүреді соған қарап. Машиналар бізде бәрі жаңа машиналар, 2016-2018 жылғы машиналар бәрі. Әрі қарай да жаңа көліктер алынады.

А. Төребекқызы