Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Асыранды» университеттерде оқығысы келмейді. Шет мемлекеттерде жоғары білім алу тенденциясы

AstanaTV
04.05.2019ж. 20:00
5113
«Асыранды» университеттерде оқығысы келмейді. Шет мемлекеттерде жоғары білім алу тенденциясы

Биыл да жүз мыңнан астам түлек мектеп бітіргелі отыр. Елімізде сапалы білім беретін жоғары оқу орны көп емес ғой, шет мемлекеттердегі мықты университеттерге түсу белең алды. Талпынса, ол жақта да тегін білім алуға болады. Кеше ғана Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысына әлемнің үздік 20 ЖОО-нан шақырту келген. Грант та, стипендия да, жатақхана да тегін. Осы тенденцияның себеп-салдарын, тіпті астарын білеміз дегенімізбен, тілшіміз Ришат Асқарбекұлы дәл сондай жолды таңдаған бірнеше қыз-жігітпен сөйлесті. Білім жүйесі реформадан көз ашпайды. Коррупция, ол бар. Демек елімізде жүздеген оқу орны болғанымен шын білімді саусақпен санарлық білім ордасы ғана беретін болып қалады, солай ма?..  

Елдегі білім реформаларына қатысты қатқыл пікірлер айтып жүрген Аят Ахметжан дегенмен шетелге бала оқытуды шектеу керек деп санайды. Дамыған елдер өз балаларын оқыту үшін қыруар қаржы талап етеді. Ал қазақстандық талапкерлерді тегін қабылдауға неге құмар?- деген риторикалық сұрақ қояды. Оның үстіне соңғы жылдары білімі мен жағдайы үйлессе, баласын шекара асыруға дайын тұрған ата-ана көбейіп келеді.

Аятжан АХМЕТЖАН, «QAZBILIM» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Әлемдік рейтингтегі университеттер әлемдегі дарынды балаларды іздеп жүр. Май шаммен. Олардың көзіне түскен шын дарынды балалар қабылданып кетеді. Бізде әлемдік олимпиаданың жеңімпаз балалары, дарындылар әлемнің 20-лығына кіретін оқу орындарын бітіріп шықты. Бітіріп жатқандар да бар. Бірақ олар қайда? Ең ауыр дүние осы. Олар қайда? 

Сұрақ ауыр болса да, оған жауап табу асқан ақылды қажет етпейді. Биыл тағы да жүз мыңдаған түлек мектеп бітіруге асығып отыр. Білім және ғылым министрлігі нақты қанша түлек емтихан тапсыратынын, арасында шетел гранттарын ұтып алғандар тізімі туралы сұраған біздің ресми сауалға: ақпаратты 10 мамырда жариялаймыз, деп жауап қатты. Ал біз тізімді күтіп отырмай өз бетімізбен кейіпкерлер іздеп көрдік. Мағжан соңғы қоңырауды асыға күтіп жүр. Елгезек бала қаңтар айында жоғарғы оқу орнының студенті атанып қойған. Алматыдағы білім-инновация мектебінің оқушысы Гонконг қаласындағы 200 жылдық тарихы бар университеттің грантын жеңіп алыпты. Дарынды оқушыға осы елдің беделді 4 білім ошағынан тегін гранттар келген. Сараптай келе, оқу ақысы жылына 164 мың гонконг долларына бағаланатын Гонконг бизнесті басқару университетін таңдаған. Оқу, жатақхана тегін. Оған қосымша 600 АҚШ доллары көлемінде ай сайынғы шәкіртақыны қосыңыз.            

Мағжан ҚҰРМАНЖАН, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Ең бірінші айтарым, ерте дайындықты бастау керек. Өзім 9 сыныпта дайындықты бастадым. IELTS, SAT емтихандарын тапсырдым, көптеген олимпиадаларға қатысуға тура келді. Ең бірінші ерте дайындықтан тыс, өзіне бағыт беретін, өзі түскісі келетін университеттен қазақ жігітін тауып, сонымен араласып, сен қалай тапсырдың деп сұрақтар қойып білу керек.   

Баласының білімге құштарлығын байқаған Сәбит, Мағжанның бір минут болса да, уақытын тиімді пайдалануға мән бердім, дейді. Жетістіктің кілті - балаға деген назар мен оның қабілетін тану деп білген. 

Сәбит ҚҰРМАНЖАН, МАҒЖАННЫҢ ӘКЕСІ:

Өзім ұстаз болған соң білемін, ата аналар баланы мектепке табыстай да, сынып жетекшісі бар, мұғалім бар дейді. Ол қате пікір. Баланың барлық жетістігі тікелей ата-анаға байланысты. Ата-ана бағыт беріп, қамқор болып, қадағалап, күнделікті оның жүріп тұру кестесін құрап, оның жүзеге асуын қарап отырмаса, ол мектептің шамасы келетін нәрсе емес. Бұл тұрғыдан келгенде Мағжанды біз екі жыл бойы шыңдадық. Былай айтқанда бақылауда болды.  

Отбасы таңдаған оқу орны әлемдік ЖОО рейтингінде 23 орында тұрса, Азияда «топ үштікке» кіреді. Онда қазір небәрі 13 қазақ баласы білім алады екен. Бұл жаңалықты мектеп те, ата-анада ерекше қуанышпен қабылдап отыр.   

Жадыра ҚАЛҒҰЛОВА, АЛМАТЫ БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ ЛИЦЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ағылшын тілінде жарартылыстану пәндерін арнайы бір деңгейде тест түрінде емтихан тапсырады. Оған мектептегі дайындық әрине, аздық етеді. Себебі бала өзі көп ізденуі керек.

Сәбит ҚҰРМАНЖАН, МАҒЖАННЫҢ ӘКЕСІ:

Біз түскен бизнес мектебі мамандығы дүниеде 7 орындағы мамандық. Жылына 20-ақ бала қабылдайды екен. Сайттарына қарап оқысам, сол 20 бала еңбекпен қамту бойынша бірінші курстан бастап жолға алынады екен, Google, Мicrosoft сияқты ірі компанияларға тікелей өздері жолдама береді.

Дәл осындай сезімді Шымкенттегі Көшеровтер отбасы да бастан кешіріп отыр. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысына әлемнің 20 жоғарғы оқу орнынан шақырту келген. Бұл қазіргі рекордтық көрсеткіш. Канада, АҚШ, Корея, Франция, тіпті Швейцарияның білім ордалары Сымбатты қабылдауға әзір. Алайда болашақта ел экономикасына қызмет етемін деген білімді қызды алысқа жіберуге әкесі қарсы көрінеді. Бостондағы халықаралық бизнес университетінің ректоры қыздың әкесіне хат жолдап, өзінің де үш қызы бар екенін айтып, Сымбатты оқуға жіберуін сұраған.

Сымбат КӨШЕРОВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ 12-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Шетелде экономиканы олар тек пайдалы қазбалармен байланыстырмай, олар балама энергия көздерін іздеу арқылы, өз экономикаларын басқа елдерден тәуелсіз жасауға бар мүмкіндіктер істеуде. Мен де осыны біздің мемлекетімізде дамытып, енгізсем деген ойдамын.

Ал Алматыдағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі Шыңғыс Бегалиев шетелге барғысы жоқ. Әу бастан қазақстандық оқу орындарының бірінде білім алуды жоспарлапты. Тараздан келген оқушы тіс дәрігері болуды армандайды. Алдын-ала тестік бақылаудан 136 балл жинаған талапкер медициналық университетке түсетініне сенімді.

Шыңғыс БЕГАЛИЕВ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ТЕРЕҢДЕТІП ОҚЫТАТЫН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТТЫҢ ОҚУШЫСЫ:

Шын оқыған адамға "батырға оңы да, солы да бір" деген сияқты. Қандай реформа болмасын, қандай өзгерістер болмасын, ол білімі бар азаматқа қиындық тудырмайды.

Былтыр әлемнің 7 университетіне түсуге мүмкіндік алған Нұрәли Сарбақыш қайда жүр? Телеарналар мен ақпараттық ленталардың бетінен түспей, жетістігіне ел қуанған жерлесіміз Шаңхайда оқып жатыр екен. Астанадағы «Зерде» мектебінің түлегімен тілдестік. Ол Еуропа мен Азияның көптеген жоғары оқу орындарынан келген шақыртуды саралай келе, Қытайдың университетін таңдапты.

Нұрәли САРБАҚЫШ, ШАҢХАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

Қытайды таңдауым басты себеп ол - Қытай қазір өте көп қаражатты білім саласына бөліп жатыр. Өткен жылы мен Германия, Финляндия, Кипр және Катар елдеріне түскен болатынмын. Бірақ басты таңдауым Қытайға түсті. Себебі мұнда оқуым, барлық тұрмысым төленеді.

Шетелге аңсары ауған ата-ана мен балаға жөн сілтейтін көптеген үйлестіру орталықтары бар. Олардың дерегінше, қазір қазақстандықтардың оқуға кетіп жатқан бағыты Шығыс Еуропадағы Польша мен Чехия. Онда оқу ақысы біршама арзан. Сосын АҚШ пен Гонконг. Ал Ресей мен Қытай әлбетте, алдыңғы сапта. Қазір солтүстік көршіміздің жоғары оқу орындарында 75 мың, ал аспан асты елінде 13 мың отандасымыз білім алып жатыр.

Ерден ШАЙМАРДАН, «NOVA EDUCATION» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бала 9-10-11 де емтиханға дайындалады ғой, сол сияқты университетке түскен соң 2-ші курстан бастап «мен мұнда жұмыс істеймін» деп соған дайындалуы керек.

Біз айтқан төрт кейіпкердің де дарынына талас жоқ. Ақылы мен көркі үйлесім тапқан қазақ балалары шет мемлекеттердің маңдайалды оқу орындарында білім алса, несі айып дерсің? Бірақ әңгімеміздің басында айтқан Аятжанның пікірлері ойға орала береді.

Аятжан АХМЕТЖАН, «QAZBILIM» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің университеттер мемлекеттің грантымен ғана жан бағып отырған, қолан асыраған "асыранды" сияқты. Егер мемлекет бір күнде асырауын тоқтатса, біздің университеттердің халі сол күні мүшкіл болады. Олар әлемдік бәсекеге қабілетті, өз-өзін қамтитын оқу орындары қатарына кіруді мүлдем ойламай отыр. Қазір біздің университеттер ішінен ауылға барып мектептерді аралап жүргендерін көрмедім. Ал ауылға барып жүрген шетел университет мамандарын көп кездестіремін.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Отандық білім саласына сенбеген соң жұрт баласын шетелге сүйреуге мәжбүр болып отыр деп айтсақ, ел сөге жамандамас. Шетелге барып келген баланың қызметте елден бұрын көтерілетінін қызық көретін ағайын да көп. Бұл жерде бір ғана дүние бар. Елден тысқары кеткен жастардың тәрбиесі, мемлекетшілдігі, патриоттығы болса, қорқынышты емес. Ал ата-анасының ақшасына ғана сенген "ақ саусақ" баладан үміт бола бермейтінін өмір көрсетіп отыр. Сонымен бірге, бірнәрсеге сенуден қалған жастар да бар. Оларды да үгіттеу мүмкін емес. Десе де біздің уақыттың шындығы осы.

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»