Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағанды облысында тасқыннан зардап шеккен кей отбасылар әлі күнге баспана ала алмай жүр

AstanaTV
27.10.2017ж. 20:00
3019
Қарағанды облысында тасқыннан зардап шеккен кей отбасылар әлі күнге баспана ала алмай жүр

2015 жылы топан су басып, үйсіз қалған Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы 3 бірдей отбасы әлі күнге дейін баспана ала алмай жүр. Сол кезде құрылған қоғамдық қайырымдылық қорына жиналған ақша жапа шеккендерге толық жетпей қалған. Сыз тартқан үйлерде тұрып жатқандар тасқыннан соң тіпті туберкулез ауруына шалдыққан. Су басқан Садовое ауылына барып қайтқан тілшіміз Айжан Қуаш жағасын ұстап келді. Айжан, үйсіз қалған жұрт қайда паналап жүр сонда?

Айжан Қуаш, тілші:

Ия, Оксана, үш жыл бұрынғы тасқын түгел ауылды шайып кеткен. Бірақ 10 үй ғана апатты деп танылған. жетеуіне дер кезінде баспанамен қамтылған. Қалған жапа шеккендерге көмек қорына жиналған қаржы жетпей қалған. Бұл азаматтық алып үлгермеген оралмандар отбасын әбден титықтатқан. Далада қалған отбасы баспанаға қолы жетпеген соң көгерген үйді паналаған. Ол жер адам тұруға жарамсыз екенін байқау қиын емес. Құдды бір монша секілді буланып тұр. Салдарынан отбасы мүшелері туберкулез дертіне шалдыққан. Әкімдіктегілер апатты баспаналарын сүріп тастап, далада тастаған тағы 2 жанұя Теміртау қаласынан өз ақшаларына үй жалдап отыр.

Берікбол Жылқышыбай, Садовое ауылының тұрғыны:

«Бізге айтты «бұл үйлеріңіз отыруға жарамсыз, сіздер не қаладан үй аласыздар, не үй салып береміз»,-деді. «Жарайды»,- деп келістік. Енді қайда барарымызды білмейміз. Қалада қазір квартира жалдап, өз қаражатыммен өмір сүріп жатырмын. Күнде келем, күнде келем, бір бет қағазымды ұстап алып. Аудан әкімінен пайда жоқ, бір айтқан сөзін айтып, қайтадан шығарып салады. Қарағанды әкіміне барайын десем, ол кісіге кіре алмаймын. Енді үш жыл болды, міне. Үш жылдан бері жауабы берілетін болды ғой енді. Не берілетін болсын, не берілмейтін болсын. Нақты жауабын айту керек қой. Салпақтатып қойды.

Ауылдықтардың әкімдерге өкпесі қара қазандай. 300-ден аса тұрғыны бар ауылда балабақша, мектеп, медпункт те жоқ. 7 шақырымдық Гагарин ауылына салпаңдайды. Өздері 20 шақырымдық Теміртауға қатынап жұмыс істейді. Қолайлы жағдай жоқ ауылда тұрып, әбден мезі болған жұрт көшіруді талап етіп отыр. Оның үстіне дамбаның жарылу қаупі сейілмеген.

Құрмет Уәжіпұлы, Садовое ауылының тұрғыны:

«Не көшіру керек, не болмаса басқа бірдеңе салсын онда мына жерге. Садик сала ма, ауылдың балалары, мысалы, садикке бармайды, көшеде жүр, өзіңіз көрдіңіз. Садик ана Гагаринде. Оны таситын көлік керек қой. Бір автобус  бала таси ма, садиктің баласын таси ма? Қыстың күні бір жұма мектеп те болмай қалады. Ауылдың арасы тазаланбай. Жағдай жасау керек, не көшіру керек халықты. Су келмесін деп қоршап қойғаннан не пайда. Дамба салғаннан ешқандай пайда жоқ».

Айжан Қуаш, тілші:

Садовое ауылындағы сан проблеманы тарқату үшін уақыт қажет. Тасқыннан жапа шеккен ауылдың жағдайы, мұндағы жұрттың тірлігі неге түзелмейді? Атқарушы билік өз қызметін дұрыс атқара алмай отыр ма? Бұл сауалдарға жауап іздеп көрдім. Оны "Біздің уақыт" бағдарламасында тарқататын боламын.

Рахмет, Айжан. Тілші материалын "Біздің уақыт" апталық-сараптамалық бағдарламасынан ертең, 20-00-де көре аласыздар.