Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Оқушы қызды қағып кеткен трамвай жүргізушісіне қатысты сот отырысы басталды

AstanaTV
21.11.2017ж. 20:00
2337
Оқушы қызды қағып кеткен трамвай жүргізушісіне қатысты сот отырысы басталды

Павлодарда оқушы қызды қағып кеткен трамвай жүргізушісіне қатысты сот отырысы басталды. Прокурорлар 30 жастағы Наталья Пекничті жол қауіпсіздігі ережесін өрескел бұзды деп айыптап отыр. Сотталушы кінәсін толықтай мойындаған. Бірақ ауыр вагонды бірден тоқтатуға мүмкіндік болмағанын айтты. Бір күнде 10 жасар қызынан көз жазып қалған ананың талабы қандай? Бұл туралы Әсемгүл Мұхитқызы айтып бермек.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Баласынан көз жазып қалған ана Шынар Уәлитова бүгінгі сот отырысына келмеді. Оның атынан сотта қорғаушысы сөйледі. Ал айыпталушы Наталья Пекнич сот залына көңілі босап кірді. Сәл кідірістен кейін жиналып, сол күнгі оқиғаны баяндады. Айтуынша, қыркүйектің 7-сі күні ауа райы жайсыз болған. Жауған нөсер мен жол жиегіндегі дуалдар көру мүмкіндігін төмендетіпті. Апалы-сіңілі екі қызды тек қағып кеткеннен кейін байқадым, - дейді жүргізуші. 

Я применила экстренное торможение. Но вагон начал по инерции ехать. Так как он был полный. По инерции я проехала ещё несколько метров и остановилась. Сразу открыла первую дверь и выбежала, чтобы посмотреть, где находятся дети.

Сот залында айыпталушы тағы бір маңызды жайтты жайып салды. Айтуынша, ескі трамвайларда жылдамдықты өлшейтін құрал жұмыс істемейді. Жүргізушілер тек тәжірибесі мен түйсігіне сеніп басқарады. Бес жылдық еңбек өтілі бар Наталья Пекнич балаларды соққан кездегі вагонның жылдамдығы сағатына 20-23 шақырымнан аспады деген сенімде. Дегенмен, прокурорлар әйелдің жол қауіпсіздігі ережесін өрескел бұзғандығын алға тартты. Айта кетері, жәбірленуші тарап бұған дейін материалдық-моральдік шығын туралы сөз қозғамаған. Бірақ бүгінгі жиында Шынар Уәлитованың өкілі талаптар талқыланып жатқанын айтты.

Гүлмира Қажиева, жәбірленушінің қорғаушысы:

Қазіргі уақытта біз өзіміздің позициямызды айта алмаймыз. Талаптарды әлі талқылап жатырмыз. Бүгін мен Шынар Уәлитованың сенімді өкілі ретінде сотқа келдім. Өйткені ол кішкентай баласы мен екінші қызының жағдайына байланысты сот отырысына келе алмады. Қазір қызы үй жайында ем қабылдап жатыр. 


Қайғылы оқиға 7-ші қыркүйекте Павлодар қаласының ірі көшелерінің бірінде болды. Мектепке бара жатқан апалы-сіңілі қос оқушыны жаяу жүргіншілер жолағында жүйткіп келген трамвай қағып кетті. Балалардың бірі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі жансақтау бөліміне түсті.

Судья процесті қысқартылған тәртіпте өткізу туралы ұсыныс жасады. Келесі сот отырысы қарашаның 30-ына белгіленді. Бұл уақытқа дейін жәбірленуші тарап арыз-талаптары мен өз позициясын нақтылауға міндетті.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ