Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызылжарда атыстың салдарынан аяғынан айырылған Ербол Хамитовтың ісі бойынша сот үкімі шықты

AstanaTV
21.11.2017ж. 20:00
3390
Қызылжарда атыстың салдарынан аяғынан айырылған Ербол Хамитовтың ісі бойынша сот үкімі шықты

Қызылжарда Ербол Хамитовты соққыға жығып, оқ жаудыртты деп айыпталған Темірлан Бектасов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмақ. Ал оның сыбайласы деп танылған Қайрат Аушахманов жазадан құтылды. Петропавлда шілденің 28-і күні болған атышулы атысқа қатысты сот үкімі шықты. Ал бір аяғынан айырылған Ербол Хамитовтың анасы сот шешімімен келіспейді. Тараптар пікірін тілшіміз Абзал Құрманкин тыңдап қайтты.

Абзал Құрманкин, тілші:

Шілдеде екі күнге созылған қанды қырғынға қатысты сот процесі араға екі ай салып басталды. Тергеу жұмыстарының сағызша созылуына күдіктілердің ізін суытуы себеп болған. Бұзақылар бірнеше апта бас сауғалап жүрсе де, қатаң жазадан сытылып шықты.

Ербол Хамитовке қол жұмсаған Қайрат Аушахманов зардап шеккенге моральдық өтемақы ретінде 1 миллион төлейтін болып, сот залынан босатылды. Ал травматикалық тапаншамен оқ жаудырған Темірлан Бектасов жазасын шартты түрде өтейтін болады.

Михаил Гусев, Петропавл қаласы сотының судьясы:

ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабына сәйкес Темірлан Бектасов кінәлі деп табылып, 4 жылға жазасын шартты түрде өтесін. Сондай-ақ, 240 сағат міндеттелген жұмысты атқарсын және де жапа шеккен тарапқа өтемақы ретінде 500 мың теңге төлесін.

Сот процесіне бір аяғынан айырылған жәбірленуші Ербол Хамитов қатысқан жоқ. Ал оның анасы 1,5 ай бойы істі пішкен соттың шешімімен жартылай келіспейтінін айтады.

Ғалия Алпысбаева, Ербол Хамитовтың анасы:

Мен Қайрат Аушахмановтың босатылуын өзім де қалаған болатынмын. Ал Темірлан Бектасовқа берілген жазаға мүлде қарсымын. Шартты түрде босату деген не жаза ол? Ертең барып, басқа біреуді атуы мүмкін. Оның әке-шешесі келіп бізден кешірім де сұрамады.

Екінші күні болған атысты сот өкілдері бөлек процеске шығарған. 5 күдіктінің ең кішісі кәмелеттік жасқа толмағандықтан, отырыс жабық түрде өтеді. 19 және 16 жасар қос азамат «өлтіруге әрекеттену» бабы бойынша айыпталып отыр. Ал қалғандары бұзақылық жасағаны және қару-жарақты заңсыз сақтағаны үшін жазаланбақ.

Владимир Кириленко, СҚО қылмыстық істер бойынша сот төралқасының төрағасы:

«Өлтіруге қам қылу» бабы бойынша өлім жазасы кесілмейді. Жалғыз осыны ғана айта аламын. Жалпы, бұл жігіттер соттың қарауына қарай 10 жылдан 20 жылға жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Аса ауыр қылмыстарда заң бойынша тараптар бір ымыраға келуге құқылы емес. Шартты түрде босату жазасы да қарастырылмайды.

Абзал Құрманкин, тілші:

Тілге тиек етейік, Темірлан Бектасовтың шілденің 29-ы күні болған атысқа қатысқан-қатыспағаны әзірге белгісіз. Екінші істе ол қарапайым куәгер ретінде қаралып отыр. Кезекті сот процесі қарашаның 27-інде басталмақ.

А.ҚҰРМАНКИН