Негізгі / Жаңалықтар / Аз байытылған уран банкі Қазақстанда жыл соңына дейін іске қосылады-Ә. Мағауов

Аз байытылған уран банкі Қазақстанда жыл соңына дейін іске қосылады-Ә. Мағауов

Аз байытылған уран банкі Қазақстанда жыл соңына дейін іске қосылады. Уран қалдықтарын сақтайтын қойма шикізат қабылдауға дайын. Бұл туралы бүгін Мәжілісте энергетика вице-министрі Әсет Мағауов айтты. Қойма Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металл зауытында орналасқан. Ол жерге жанармай отынын даярлауға жарайтын қалдықтар жиналады. Әлемде қандай да бір себеппен уран тапшылығы болғанда, осы қордан сатып ала алады. «Қазатомөндіріс» биыл қоймаға 42 тонна, француздық компания 48 тонна шикізат жеткізбек. Банк ресми түрде 2017 жылы Қазақстан мен МАГАТЭ ұйымының келісімі негізінде ашылды. Оның жұмысы елімізге Уран өндіруші мемлекет ретінде экономикалық тұрғыдан тиімді әрі атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану идеясын қуаттай түседі.  

Әсет МАҒАУОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ: 

Ешқандай зардап әкелмейді. Өйткені Үлбі метал зауыты ондай материалдармен 65 жылдан бері айналысып келе жатыр. Оларға бұл жаңа жұмыс емес. Ешқандай қауіп әкелмейді деп ойлаймыз.

Ал депутаттар энергетика министрлігінен ұлттық «Дружба» тасымалдау құбырының әсерінен тоқтап қалған мұнай экспорты үшін экономикалық мүддені қорғау шарасын қабылдауын сұрады. Құбырдың химикаттармен ластануынан мұнайдан Польша, Чехия, Венгрия елдері бас тартқан еді. Беларуссия Ресей өндіруші зауыттарға әкелген шығыны үшін өтемақы беруді талап еткен. Көрші ел арқылы Еуропаға қара алтын жеткізетін құбырдың бүлінген бөлігі Самарада. «Ақжол» партиясының жетекшісі Қазақстанның экспорттан жоғалтатын шығынын есептеп, Ресей тарапына талап қойылсын дейді. Жыл сайын «Атырау-Самара» жолымен 7 миллион баррель мұнай тасымалданады. Оның 15 миллион тоннасы Қазақстанға тиесілі.

Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 

Біздің министрлік анықтап алып, жауап беру керек. Қазақстанның ұлттық мүддесі бұл жерде зардап шекті ме, жоқ па. Екінші мәселе - біз осы зардабымызды қалай, қай жағынан ақтай аламыз. Ресейден компенсация сұраймыз ба, әлде басқа жолдары бар ма екен?!

А. Сейфулла