Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтөбеде қаланың іргесіндегі ауылда тұрғындар жарықсыз, жылусыз, ауыз сусыз күн кешіп отыр

AstanaTV
16.05.2019ж. 20:00
3888
Ақтөбеде қаланың іргесіндегі ауылда тұрғындар жарықсыз, жылусыз, ауыз сусыз күн кешіп отыр

Ақтөбенің іргесіндегі Рауан-2 ауылының тұрғындары өлместің күнін кешіп отыр. Ауылда екі жылдан бері не жылу, не жарық, не ауыз су жоқ. Жергілікті атқамінерлер халықтың жағдайынан хабардар болғанымен, мәселесін шешуге асығар емес. Әріптесім Бақыт Рахметова ауылдың тіршілігімен танысып келді.  

Қазына апа отбасымен бұл ауылға алғашқылардың бірі болып көшіп келген. Содан бері бейнеттен көз ашпай келеміз дейді. Қыс бойы пеш жағып үйді жылытып, асты ошаққа істеген. Ал ауыз суды қаладан тасып ішіп отыр.  

Қазына ТОҒЫЗБАЕВА, ТҰРҒЫН:  

Қаладағы жағдайымыз ауылдағыдан жаман болды. Ауылда бәрі дайын тұр. Суда бәрі дайын. Амал жоқ. Балаладың жұмысы жабылған соң, амалсыз келдік. Қалашылданып келген ештеңеміз жоқ. Тек балдардың жұмысына бола, аударылып көшіп келдік.

Тап осындай қиын жағдайда отыз шақты отбасы күн көріп отыр. Ауылда тағы жүз шақты үй бой көтерген. Бірақ инфрақұрылым болмаған соң қаңырап тұр.  

Біз 12 жыл күттік осы жерді. Енді өзегіміз үзіліп барып, жалғанған кезде бұл жерде ия жол жоқ, ия су жоқ. Ия свет жоқ. 

Үй салуда оңай емес. Шағын үйіміз бар еді соны сатып, осы жерге ақшасын салып үй салдық. Енді дәл қазіргі жағдайда үйде жоқ, дым да жоқ. Квартирадан квартираға көшіп қаңғып жүрміз.  

Көрмеген қорлығымыз жоқ. Су жоқ. Тоқ жоқ. Иә жиырма шақырым жерден қатынаймыз. Күніне 20 км жүреміз. Автобус таңертең бір, кешке бір жүреді.  

Әкімдіктің дерегінше, 2017 жылы бұл ауылдан төрт жүз адамға жер берілген. Сол жылы барлық мәселе де шешілуі тиіс болыпты. Бірақ қазынадан уақтылы қаражат бөлінбей қалған. Тіпті, бұл ауылдың жобалық- сметалық құжаттары да жасалмапты. Ал, ауылға қаражат бөлудің өзі тек осы мамыр айында өтетін қалалық маслихаттың кезекті сессиясында көтерілмек.  

Жандос ӨТЕУЛИН, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТКШ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Әзірше жағдайды ескере отырып, бірталай үйлер салынып қалған. Адамдар өмір сүріп жатыр. Біз тарапымыздан барымызша ең болмағанда көшенің орта жақтарына дейін орталықтандырылған су, свет, газды апарып беруге тырысып, осыны істеуге бел буамыз.

Бақыт РАХМЕТОВА,ТІЛШІ:  

Шенеуніктер Рауан-2 ауылына бір айдың ішінде көрші ауылдан инженерлік желі тартылатынын айтты. Бірақ, бұл уақытша. Мәселе толықтай қаржы бөлінген кезде ғана шешілетін болады. Айта кетейік, Ақтөбенің Ақшат-2 , Ақжар-2 ауылы тұрғындары да үйлеріне жылу мен жарықтың жүргізілуін жылдап күтіп отыр.

Б. Рахметова