$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Бәйтерек» басқарушы холдингі тұрғын үй құрылысын бір орталықтан басқаратын жүйе құрмақ

AstanaTV
17.05.2019ж. 20:00
4875
«Бәйтерек» басқарушы холдингі тұрғын үй құрылысын бір орталықтан басқаратын жүйе құрмақ

2030 жылға дейін Қазақстанда баспана саны әр адамға шаққанда 30 шаршы метрден келуі тиіс. Нәтижеге қол жеткізу үшін тұрғын үй құрылысында заманауи басқару әдістерін қолдану қажет. Астана экономикалық форумының панельдік сессиясында тұрғын үйдің заманауи экожүйесін құрудағы мемлекет рөлі туралы айтылды. Тілші жалғастырады.  

Алдағы 10-11 жылда Қазақстанда 220 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы керек. Қалалардың көркін бұзбай, салтанатын асыра түсу үшін бірыңғай архитектуралық стиль сақталғаны маңызды. Сапасына қарамастан, ол үйлер орта тапқа, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға да қол жетімді болуы қажет. Оңайға соқпайтын мәселені «Бәйтерек» басқарушы холдингі тұрғын үй құрылысын бір орталықтан басқаратын жүйе құру арқылы шешпек. Шетелдік мамандар бүгін осы тұрғыда өз тәжірибелерімен бөлісті.  

Яп ЧИН БЕНГ, SINGAPORE COOPERATION ENTERPRISE АҒА КЕҢЕСШІСІ:

Сингапурда біз жерді тиімді пайдалану үшін үйлерді қатар саламыз. Инфрақұрылым өте жақсы дамыған. Тұрғындарға оны көптеген жеңілдіктермен сатамыз. Халық баспана алғанда мемлекет компаниялар арқылы үлкен қолдау көрсетеді.  

Сингапур халқының 80 пайызы «Тұрғын үй салу мен дамыту кеңесі» атты әлеуметтік үйлерде тұрады. Халық баспананы түрлі бағдарламамен осы бір орталықтан алады. Қазақстанның ипотекалық компаниясы, Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін біріктіретін «Бәйтерек» холдингі 2021 жылға қарай осындай жүйеге өтпек.  

Әнуар ОМАРҚОЖАЕВ, «БӘЙТЕРЕК» ҰБХ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біз енді единый операторға келетін болсақ осы жақын арада Үкіметке ұсыныс жасаймыз. Сингапурдың сарапшылары бізге келіп, жағдайымызды сараптап, бізге бір есеп көрсетті. Сол есепті қолдана отырып, екі-үш апталық мерзімді Премьер-Министрге өзіміздің ұсынымызды жасап, егер де сондай шешім қабылданатын болса, 1-1,5 немесе екі жылдың ішінде сондай модельге келеміз деп ойлап отырмыз.

Елімізде ипотеканың 63 пайызын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» береді. Ал халықтың 52 пайызы үйдің қымбаттығынан, 29 пайызы ипотекалық үстеменің көптігінен баспаналы бола алмайды. Урбанизацияға қарамастан, құрылыстың жаңа әдістерін қолдану, проблеманы жою жолдары бар. Мамандар бұл ретте Оңтүстік Корея, Қытай тәжірибесін де ескеретін болады. 

А. Сейфулла