Енді түрмелерде де электрондық сауда қолға алынады. Сотталғандарға туыстары сәлем-сауқатты қолмен апарып, кезек күту үрдісі тоқтауы мүмкін. Бүгін Алматыда «Sizoshop» деп аталатын электрондық жүйе іске қосылды. Азаматтар уақытша оқшаулау изоляторында отырған жақындарына арнайы сайт арқылы керекті заттарға тапсырыс бере алады. Электрондық дүкенде 300 түрлі азық-түлік пен өзге де тұрмыстық заттар бар. Үйде отырып, тапсырыс берген затты арнайы курьерлер түрмеге жеткізіп береді. Сотталушылар арасында көбіне шай, қант, темекі және тәтті тағамдарға сұраныс жоғары дейді, жоба жетекшілері. Мұндай бастама түзету мекемлеріндегі жемқорлықты жою мен жазасын өтеушілердің тұрмысын жеңілдетуге бағытталмақ.
Наталья КУСТОВА:
Мен балама зат апарғанда уақытша оқшаулау изоляторына таңғы сағат 6-да барамын, кезекке жазыламын. Содан кейін 2 сағат өткенде терезе ашылады. Сосын тағы екі сағат кезекте тұрамын. Сонда төрт сағат жоғалтамын. Оған кезекке таласқан адамдардың дау-дамайы қосылады. Сосын апарған затыңды жіті тексеріп, бір-ақ кіргізеді.
Константин ГУДАУСКУС, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:
Келесі саты бойынша түрмелердің ішіне арнайы терминалдар қоятын боламыз. Ол кезде туысқандарын күтіп отырмай-ақ өздеріне қажетті заттарға тапсырыс беруге мүмкіндік туады. Сотталушылар өздері жұмыс істеп тапқан қаражатына немесе туыстары жөнелткен ақшаға бостандықта тұтынатын таңсық астарға тапсырыс бере алады. Ол ыстық күйінде түрмеге жеткізіледі.
Р. Асқарбекұлы