Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қазақстанда қызыл кітапқа енген қызылжемсаулы қарашақаз бен сұр қазға алғаш рет чиптар орнатылды

AstanaTV
17.05.2019ж. 20:00
6725
Қазақстанда қызыл кітапқа енген қызылжемсаулы қарашақаз бен сұр қазға алғаш рет чиптар орнатылды

Қазақстанда қызыл кітапқа енген қызылжемсаулы қарашақаз бен сұр қазға алғаш рет чиптар орнатылды. Құрылғылардың көмегімен орнитологтар құстардың ұшу бағытын біліп, олардың санын бақылап отырмақ. Халықаралық жобаны жүзеге асыру үшін Қызылжар өңірінде төрт елдің ғалымдары бас қосты. Аймақтағы тілшіміз өзен-көлдерді аралап, құстарды белгілеудің маңызын біліп көрді.  

Жергілікті орнитолог Иван Зубань сұр қаз бен қызылжемсаулы қарашақазды ұстау жұмысына әу баста қамданғанын айтады. Құстарды үркітіп алмау үшін сала мамандары көлдің маңайына ауды екі ай бұрын орнатып, ғылыми аңшылықты мамырдың тоғызы күні бастап кетті.  

Иван ЗУБАНЬ, М.ҚОЗЫБАЕВ ат. СҚМУ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ: 

Қызылжемсаулы қарашақазды белгілеу үшін ағылшындық орнитологтар 13 чип әкелді. Бүгінде оның он данасын құстарға іліп болдық. Енді тағы үшеуі қалды. Ал Қытай тарапы бізге он құрылғы жіберді. Біз оны сұр қаздарға орнаттық. Себебі, олардың ұшу бағыты белгісіз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Солтүстікке ұшып бара жатқан құстарды ұстау процесі кезінде мына қолға үйретілген қаз маңызды рөл атқарады. Бауырлас құсты көрген кезде қарашақаз бен сұр қаз осы маңайға қонып, жерге әдейі себілген жемге жақындай бастайды. Сол кезде анау бетте тығылып отырған орнитолог мамандар арқанды тартып, құстарды жалпы аумағы жүз шаршы метрді құрайтын ауға түсіреді.

Ұлыбританиялық маман Питер Крансиук құстарды 30 жылдан бері зерттеп келеді. Белгілі ғалым қызылжемсаулы қарашақаздарға чиптарды осымен екінші рет орнатып отыр екен. Айтуынша, әдетте құстың бұл түрі арктикада жұмыртқалайды. Артынша Ресей, Қазақстан, Украина мен Румынияны асып, Болгарияда қыстайды екен.  

Питер КРАНСУИК, ҰЛЫБРИТАНИЯЛЫҚ ОРНИТОЛОГ: 

Қазақстан қызылжемсаулы құстардың арктикаға ұшар алдындағы соңғы аялдамасы. Сондықтан оларды осында ұстаған ыңғайлы. Салмағы 22 грамм болатын мына құрылғыны олардың арқасына ілеміз. Чип екі жылға жуық уақыттай белгі береді.

Соңғы жиырма жылда әлем бойынша қызылжемсаулы қарашақаздың саны 37 пайызға кеміген. Ғалымдар бұған браконьерлерді кінәлап отыр. Қызыл кітапқа енген құстардың санын көбейту үшін еуроодақ арнайы жобаны қолға алыпты.  

Николай ПЕТКОВ, «ҚАУІПСІЗ ЖОЛ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Өткен ғасырда қызылжемсаулы қарашақаздың саны 90 мыңнан асатын. Бүгінде оның саны 50-70 мыңға дейін азайып қалды. Олардың қырылуын тоқтату үшін Еуроодақ «LIFЕ» халықаралық бағдарламасының құрамында «Қауіпсіз жол» жобасын құрып, оның жүзеге асырылуын өзі қаржыландырып отыр.

Ғалымдардың айтуынша Қазақстанда құстардың 270-ке жуық түрі мекендейді. Олардың тіршілігін оңтайландыру үшін халықаралық ғалымдар тамыз айында жергілікті мамандар үшін біліктілікті арттыру сабақтарын ұйымдастырмақ.  

А. Құрманкин