Елде сайлаушылар саны 12 млн-ға жетті. Кеше әкімдер жергілікті электорат тізімін Орталық Сайлау комиссиясына жолдаған. Бұл тізім қосымша адамдар тіркелсе тағы өсуі мүмкін. 25 мамырдан бастап кез келген тұрғын тиісті сайлау учаскесіне барып, тізімде өзінің бар жоғын және жеке мәліметтерін тексере алады.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 663 сайлау учаскесін құрылған. Оларда сайлаушыларға қызмет көрсететін 100-ден астам комиссия мүшесі біркүндік семинарларда білім алған. Енді аудандардағы комиссия мүшелерін оқыту жоспарланып отыр. Теріскейде 400 мыңға тарта адам ел президентін таңдауға атсалысу тиіс. Биыл мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың да учаскелерге келіп дауыс беруі үшін арнайы кабинкалар әзірленбек.
Ерболат БЕКШЕНОВ, СҚО САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сайлау учаскелерінің бәрінде бірдей мүгедек жандарға арналған кабинкалар орнатылады. Арбамен өтуге ыңғайлы ету үшін кең есіктер мен пандустар қарастырылады. Сондай-ақ, әскери, медициналық және тәртіпті түзету мекемелері үшін 11 жабық сайлау учаскелері құрылады.
Ал, Жамбыл облысында тұрғындар сайлауға қатысты барлық ақпаратты жергілікті атқарушы органдар жанынан ашылған Call-орталықтар арқылы ала алады. Аймақта 500-ге жуық сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлаушылар тізімі, жеке және заңды тұлғалардың деректер базасынан алынбақ.
Серғали АЙДАПКЕЛОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
25-нен бастап сайлаушылармен жұмысты бастаймыз. Жергілікті атқарушы органдардың айқындап берген тізіміне сәйкес, Жамбыл облысында 716 мыңның үстінде сайлаушылар қатысады деп күтіп отырмыз. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысуы әлі де нақтыланып жатыр.
Ал Шымкентте биыл сайлаушылар да, сайлау учаскесінің саны да артқан. Қала бойынша 600 мыңға жуық тұрғын өз таңдауын жасайды деп жоспарланып отыр.
Қайырбек ҚҰНАНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Бұрынғыдай үй аралау деген жоқ. Қазір білесіздер, қазір дерекқор базасы дедім ғой сол жерде барлық қай жерде қай мекен-жайда тұратыны, қай жерде тұратыны барлығы бар. Сондықтан егер олар адам күдікті боп мысалыға бірәз уақыттан бері тұрмайды деген жағдайда барып көріп уточнение жасауы мүмкін. Ал қалғанының бәрі осы базаға байланысты сәйкес қазір істелінген сайлау учаскесімен.
Айта кетейін, Шымкентте 260 сайлау учаскесі 9 маусым күні таңнан сайлаушыларға есігін айқара ашпақ. Сол күні шетелдік байқаушыларда өңірлердегі саяси науқанды қатаң бақыламақ. Қазірдің өзінде шетелдік меймандар аймақтардағы сайлау комиссиясына келіп дайындық деңгейін тексеріп жүр.
А. Төребекқызы